«Психолог жоқ, бірақ курсы міндеттелген»: Мұғалім жаңа талапты сынға алды

«Психолог жоқ, бірақ курсы міндеттелген»: Мұғалім жаңа талапты сынға алды

Әлеуметтік желі қолданушысы Гүлжазира Бекболатқызы мектептерге енгізілген «Оқушылардың жеке қауіпсіздігі» курсын өткізу талабының іс жүзінде орындалуы қиын екенін жазды. Оның айтуынша, курсты психолог жүргізуі керек, алайда көптеген мектепте психолог жетіспейді, ал бар мамандардың жүктемесі барлық сыныпты қамтуға мүмкіндік бермейді, деп жазады Democrat.kz.

Автордың сөзінше, кей мектепте жүзден астам сынып болғанымен, бар болғаны бір-екі психолог жұмыс істейді. Психологтың апталық жүктемесі шектеулі болғандықтан, барлық сыныпқа арнайы сабақ өткізу физикалық тұрғыдан мүмкін емес.

«135 сынып бар делік. Екі психолог бар. Ереже бойынша олар 8 сағаттан артық сабақ бере алмайды. Сонда қалған сыныптарға бұл курсты кім өткізеді?» – деп сұрақ қойды ол.

Желі қолданушысы кей мектепте психолог мүлде жоқ екенін де айтып, мұндай жағдайда жаңа курсты кімнің жүргізетіні түсініксіз екенін жеткізді.

Ол талаптың тек әдістемелік нұсқау хатта көрсетілгенін айтып, кадр, оқу құралы мен нақты жүйе дайын болмай тұрып жаңа міндет енгізуді сынға алды.

«Заңды күші жоқ құжатпен заңды белден басып, жоқ кадрға жоқ сабақты міндеттеп отыр», – деп жазды автор.

Оның пікірінше, мектептегі қауіпсіздік тақырыбы маңызды болғанымен, оны формалды есеп үшін емес, маман, бағдарлама және нақты мүмкіндік болғанда ғана тиімді өткізуге болады.

Жазбада тағы бір мәселе көтерілді: қосымша курстар мен талаптар көбейген сайын сабақ уақыты ұзарып, әсіресе екінші ауысымдағы балалардың мектептен кеш шығуы да қауіпсіздік мәселесін қайта туындатуы мүмкін.

Барлық жаңалықтар