Қоғам белсендісі Төртуыл Шоқан әлеуметтік желідегі парақшасында екі түрлі видео салып, ол видеолары қызу талқыға түсті деп жазады Democrat.kz.
Екі видеоның бірінде мешіттің еденін жуып, дәретханасын тазалайтын әйелдің 40 мың теңге айлық алатыны айтылады. Ал екінші видеода "Хамер" көлігімен зуылдап бара жатқан имамның "жәннаттық өмірі" көрсетілген.
Екі видеодағы жағдай басқа емес, Қазақстанда болған.
"Имам кедей жұртқа "бәріне шүкір ет, о дүниеде жәннатқа барасың" дейді. Ал өзі "Хамер" мініп, өмірді шайқап сүріп жатыр. Бұдан шығатыны қандай қорытынды?" Деген сауалға көзі ашық адамдар "имам халықтың миын шайып, өздері ғажап өмір сүреді", "садақадан түскен ақшаға шалқып жүр", "қолыңнан келсе, сен де қайыр сұрап, осылай "Хамер" мінсең болады", "аңқау елге арамза молда деген осы" дегенге саятын пікір жазуда.
Ал "миы шайылған" кейбіреулер "имам қандай көлікке мінсе де, жарасады", "имамдардың өз бизнесі бар, садақаның ақшасына көлік алмайды" деп бет бақтырмай, дауласуда.
Мешітте неке қиып, сыртта жаназада құран оқып, әрі кетсе, балаларға дін сабағын өтіп, "Хамер" көлігін мінетіндей ақша табу мүмкін бе? Қалай ойлайсыз? Әлде біздегі бизнесмендер мешітте имам болып кеткен бе?