"Қара жол опырылып, қирап жатыр": Бұл мәселеге кім жауап береді?

"Қара жол опырылып, қирап жатыр": Бұл мәселеге кім жауап береді?

Әлеуметтік желіде Астана – Павлодар тасжолында түсірілген видео қызу талқылануда деп жазады Democrat.kz.

Кадрларда жолдың бір бөлігіндегі асфальт қабаты көтеріліп, жүргізушілер үшін қауіпті кедергіге айналғаны көрінеді.

Куәгерлердің айтуынша, жол жабыны кенеттен деформацияға ұшырап, көліктердің қозғалысына қауіп төндірген.

Желі қолданушылары мұндай жағдайға ауа райының күрт ысуы себеп болуы мүмкін деген пікірлерін білдіруде.

Желіде тараған бұл видеоға қатысты жұрт түрлі пікір жазуда. Мұнан бөлек, "ҚазАвтоЖолдың" желідегі парақшасынан да түсінік берілген жазба жазылды. 

"2026 жылғы 1 маусымда сағат 13:30 шамасында республикалық маңызы бар Iа санатындағы ақылы «Астана – Шідерті – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы (Қосақ ө/п)» автомобиль жолының Павлодар – Астана бағыты бойынша 1356-шақырымында (кері бағыттағы 28-шақырым) қоршаған орта температурасының күрт жоғарылауына (+35/+37°С) байланысты цемент-бетон жабыны плиталарының көтеріліп деформациялануы (қопарылуы) түріндегі ақау пайда болды.

Қазіргі уақытта уақытша жол белгілерін орнату жұмыстары орындалды. Цемент-бетон жабынын бөлшектеу, сондай-ақ деформацияланған учаскеде асфальт-бетон жабындысын төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Жұмыстарға келесі техника жұмылдырылды: 1 бірлік компрессор, 1 бірлік тігіс кескіш, 1 бірлік гидробалға, 2 бірлік бұзғыш балға, 1 бірлік тиегіш, 2 бірлік самосвал, 1 бірлік жол катогы және 14 қызметкер.

Сонымен қатар аталған автомобиль жолында тұрақты негізде патрульдеу жұмыстары жүргізілуде", делінген жазбаша жауапта. 

Десек те, бір емес, арасы тіпті жиілеп кеткен қазақстандық қара жолдардағы осындай олқылықтар өз шешімін әлі таппай тұрғаны қалай? 

Жаттанды жауаппен желіде жазба жариялай салу азаматтардың қауіпсіздігіне, ажал құшпауына кепілдік бере ме? 

Барлық жаңалықтар