Қарақат Әбілдина ешкім білмейтін құпиясын жариялады

Қарақат Әбілдина ешкім білмейтін құпиясын жариялады

Әнші Қарақат Әбілдина жеке басына қатысты жұртқа беймәлім құпиясын ашып, ерекше бір жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.

"Менің фамилиям неге Әбілдина? Оның тарихын бірі білсе, бірі білмес…

Кешегі әкеміздің асына Қарағандыдан арнайы келген әкемнің туған бауыры Ізтілеу көкеміз ел білмейтін бір шежірені тарқатып берді.

Әбілдә арғы атамыз Тілеубайдың бауыры Қылаубайдың баласы. Яғни, менің атама немере аға болады.

1928-1932 жылдардағы қырғын ашаршылықта Әбілдә атамыз бар баласынан айырылып, әжеміз екеуі қара жамылып, тізелерін құшақтап қалған екен. Сол кезде менің атам Аманжол тұңғышы менің әкем Түлкібайды Алланың алдында сұраусыз деп, шапанына орап апарып берген.

Ағайынды жеті баланың біреуі Әбілдин болып жазылады. Қалғаны Аманжол атында қалады.

Бір қарағанда жай ғана фамилия ауысқандай. Ал шын мәнінде бір әулеттің екінші әулетке сүйеу болған сәті. Үзілгелі тұрған үміттің қайта жалғануы. Адамдықтың ең биік үлгісі.

1997 жылы Ізтай ағам ауылға келіп, әкеме:
“Әбілдә атамыз риза шығар. Қарақаттан бастап балаларды Аманжол фамилиясына ауыстырайық” деген екен.

Сонда әкем:
“Егер мен баламның бәрін Аманжолға салсам, ел айтпай ма? Түлкібай өзі жеткен соң жетім шалды ұмытып кетті деп. Мен ауыстыра алмаймын. Кейінгілер өздері көре жатар…” - деп жауап беріпті.

Осы бір ауыз сөздің өзінде қаншама тектілік, қаншама адалдық жатыр.

Көкем әкем жайлы жылы естеліктерін айта отырып, «Осындай өнегесі өмірден өтсе де санамызда сайрап тұр» деді.

Иә, әкем өмірден өтті. Бірақ оның жасаған жақсылығы, ұстанған ұстанымы, аманатқа адалдығы ұрпағының жүрегінде мәңгі қалады.

Әкемнің тектілігі - бізге мирас. Әбілдина деген фамилия маған берілген аманат. Тұрмысқа шыққан кезде де өз фамилиямда қалуымды қалаған еді. Осы Әбілдә атамыздың атына кір шалдырмай, тек жақсы атын шығару бұйырсын! Әумин!"деп жазды Қарақат Әбілдина.

Барлық жаңалықтар