"Қазақмыс" басшылығы еңбек ұжымымен тікелей байланыс жұмысын нығайта түсті

"Қазақмыс" басшылығы еңбек ұжымымен тікелей байланыс жұмысын нығайта түсті

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшылығы кәсіпорынның еңбек ұжымдарымен тұрақты кездесу өткізу тәжірибесін жалғастыруда. Кезекті жұмыс жиыны Жезқазғанда Басқарма басшысы Руслан Өскенәлі мен Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібековтың төрағалығымен өтті. Кездесуде 2026 жылғы қаңтар-сәуір айларының жұмыс қорытындысы шығарылып, компанияның негізгі басымдығы айқындалды деп жазады Democrat.kz.
 
Өндірістік қауіпсіздік саласындағы басты нәтиже — 2026 жылдың алғашқы төрт айында компанияның өз қызметкерлері арасында өліммен аяқталған оқиғаның мүлде тіркелмеуі болды. Штаттағы қызметкерлер арасындағы жарақаттану деңгейі 35%-ға қысқарып, LTIFR көрсеткіші біртіндеп төмендеп келеді.
 
Компанияда қауіпсіздік талабының сақталуы қатаң бақылауға алынды. Жыл басынан бері жұмыс орындарында жүздеген өндірістік аралау жүргізіліп, кәсіпорындардың алғашқы басшысының қатысуымен тоқтату жиналыстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар жаңадан орналасқан жұмыскерлер үшін Q-start кіріспе оқыту бағдарламасы іске қосылды.
 

Сонымен қатар Қазақмыс шикізат қорын дамытуға бағытталған геологиялық барлау жұмысы мен инвестиция көлемін айтарлықтай арттырып келеді. Бұған дейін пайдалану мақсатындағы бұрғылау көлемі жылына шамамен 63 000 қума метрді құраса, 2026 жылы тек Жезқазған бағыты бойынша геологиялық барлау мақсатындағы бұрғылау жоспары 62 400 қума метрге жетті. Бұл – үш өңірлік бағыттың тек бірі ғана. Жалпы алғанда, геологиялық барлау бағдарламасы екі еселеніп отыр. Төрт ай ішінде бес негізгі кәсіпорында үздіксіз жұмыс істейтін 7 бұрғылау қондырғысының күшімен 20 000 қума метрден астам аумақ бұрғыланды.
 

Геологиялық барлауды дамыту мақсатында жаңа жерасты бұрғылау қондырғылары сатып алынды, бұрғылау бригадасының инфрақұрылымы жаңартылды және қысқы мезгілде тоқтаусыз жұмыс істеу үшін тиісті жағдай жасалды. Сонымен қатар компания бұрын игерілмеген кен қорын зерттеуді жалғастыруда.
 
2026 жыл өндіріске ауқымды инвестиция бағытталған нақты бетбұрыс кезеңіне айналды — бір мезетте бірнеше бағыт бойынша ірі жобалар іске асырылды.
 
Өндірістік активті жаңарту бағдарламасы аясында Балқаш мыс балқыту зауытында күкірт қышқылы цехының негізгі жабдығы ауыстырылды, ПВ-1 пешіне жоспарлы күрделі жөндеу мерзімі қысқартылды. Жезқазған, Балқаш қалаларында металлургиялық қуатты жаңғырту бойынша ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда.
 
Бұдан бөлек, Жомарт, Жыланды және Нұрқазған кеніштерінде жабдықты жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың негізгі мақсаты — өндірістік қуатты арттыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін күшейту.
 
Қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша компания концентраттағы және катодты мыс өндірісі бойынша жоспарлы көрсеткішті асыра орындады. Жекелеген өндірістік бөлімшелерде еңбек өнімділігінің деңгейі соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткішке жетті.
 

Сонымен қатар компания жұмыскерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды бағдарламаны жалғастыруда. Кәсіпорындарға жұмыскерлерді тасымалдауға арналған 90 жаңа автобус жеткізіліп, санитарлық-тұрмыстық нысандар жаңғыртылуда. Киім ауыстыратын бөлмелер мен демалыс бөлмелері жаңартылып, денсаулық сақтау пункттері мен медициналық бөлімшелер заманауи құралдармен жабдықталуда.
 

Жұмыскерлерді әлеуметтік қолдау бағдарламасы тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Жұмыскерлерге қызметтік пәтер беріліп, балалардың жазғы демалысы ұйымдастырылуда, қызметкерлерді шипажайда емдеу мүмкіндігі қарастырылған, сонымен бірге корпоративтік медициналық инфрақұрылым кезең-кезеңімен дамып жатыр. 
 
Кездесуді қорытындылай келе, Руслан Өскенәлі компания қауіпсіздікті арттыру, өндірісті жаңғырту және еңбек жағдайын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және еңбек ұжымы алдындағы барлық міндеттемелерді орындау ерекше назарда екенін жеткізді.
Дереккөз: "Қазақмыс"

Барлық жаңалықтар