«Қазақмыс» этноауылы мерекенің басты алаңына айналды

«Қазақмыс» этноауылы мерекенің басты алаңына айналды

Ұлытау облысында Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті. Жезқазған және Сәтбаев қалаларында ұйымдастырылған мерекелік іс-шаралар қала тұрғындары мен «Қазақмыс» компаниялар тобының қызметкерлерін бір алаңға жинап, ортақ мерекелік атмосфера қалыптастырды хабарлайды democrat.kz сайты.

Мереке аясында құрылған этноауыл негізгі мәдени орталыққа айналды. Қала алаңында 11 киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысы қазақ халқының дәстүрін, қонақжайлығын және ұлттық болмысын айқын көрсетті. Киіз үйлерде ұлттық тағамдар ұсынылып, салт-дәстүрлер таныстырылды.

Бағдарлама барысында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізіліп, оған кәсіпорын қызметкерлері мен қала тұрғындарынан құралған командалар белсенді қатысты. Жалпы жүлде қоры 3 миллион теңгені құрады. Бұл жарыстар тек тартысты дода ғана емес, сонымен қатар бірлік пен командалық рухты нығайтудың көрінісіне айналды.

Іс-шараның маңызды бөлігі — «Үздік киіз үй» байқауы болды. Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Батыс Жезқазған кенішінің ұжымы иеленді. Екінші орын Мамандандырылған жөндеу-механикалық басқармасына, ал үшінші орын «Жомарт» кенішіне берілді.

Сонымен қатар, бірқатар кәсіпорындар арнайы номинациялармен марапатталды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға ақшалай сертификаттар табысталып, мереке жоғары деңгейде қорытындыланды.

Барлық жаңалықтар