Сәтбаев қаласында Кеншілер мен байытушылар күніне орай салтанатты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Биылғы шара «Қазақмыс қазынасы» тақырыбына арналды. Оның басты идеясы – компанияның ең құнды капиталы саналатын адамдардың еңбегін дәріптеу.
Мерекелік жиын барысында «Қазақмыс» компаниясының өндірістік нысандарында еңбек ететін 300-ден астам қызметкер мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік марапаттарға ие болды. Олардың қатарында өндіріс көшбасшылары, сала ардагерлері, тау-кен және байыту өндірісінің, сондай-ақ сервистік бағыттардың мамандары бар.
Салтанатты шараға Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, компания акционері Нұрлан Артықбаев, «Атамекен» ҰКП Президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі, кәсіпорындардың басшылары, жұмыскерлер мен сала ардагерлері қатысты.
Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен кеншілер мен байытушылардың өңір экономикасын дамытудағы және Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды рөлін атап өтті.
«Ұлытау облысының кеншілері – нағыз еңбектің адамдары, өңіріміздің ғана емес, тұтас еліміздің мақтанышы. Кеншілер күні – жер қойнауындағы қазынаны ел игілігіне айналдырып, экономиканың дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген барша сала мамандарына құрмет көрсететін айтулы мереке. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми даналығы мен көрегендігінен бастау алған саланы жалғастырушы кеншілеріміз – күрделі де жауапты кәсіпті абыроймен атқарып жүрген білікті мамандар. Мемлекет басшысы атап өткендей, кеншілер – ел экономикасының берік тірегі, еңбегі ерен азаматтар», – деді Есет Байкен.
Еңбек адамының маңыздылығы туралы ойды жалғастырған «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компанияның өндірістік нәтижелерінің негізінде мыңдаған қызметкердің күнделікті еңбегі, тәжірибесі мен жауапкершілігі жатқанын айтты.
«Компанияның басты байлығы – нысандардың ауқымы емес, адамдардың білімі, мінезі және жауапкершілігі. Ауқымды өндірістік көрсеткіштің артында мыңдаған ауысым, күрделі техникалық шешімдер мен күнделікті еңбек тәртібі тұр. Бүгінде мыс жасыл энергетикаға көшу үдерісіндегі маңызды металл болып табылады. Ол энергетика, көлік, байланыс, медицина және жаңа технологиялар салаларына қажет. Демек, сіздердің еңбектеріңіз кәсіпорындар мен компанияға қатысы бар өңірлердің дамуына ғана емес, тұтас елдің өркендеуіне ықпал етіп, болашақ экономиканың негізін қалыптастырады», – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Қазіргі таңда «Қазақмыс» Тобында 34 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олар 14 кеніштің, 5 байыту фабрикасының және 2 мыс балқыту зауытының тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Компанияда еңбек дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа жалғастыруға да ерекше мән беріледі. Бүгінде кәсіпорында 103 еңбек әулеті қызмет атқарады.
2026 жылы «Қазақмыс» еңбек қауіпсіздігіне 16 млрд теңге инвестиция бағыттап, өндірістік активтерді жаңарту және қызметкерлер үшін еңбек жағдайларын жақсарту жұмыстарын жалғастыруда. Сонымен қатар Жезқазған қаласында жаңа күкірт қышқылы цехының құрылысы жүргізілуде. Жоба технологиялық газдардың 99%-ына дейін ұстап қалуға мүмкіндік береді.
Мерекелік жиынның маңызды бөлігі – үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімі болды. Сала ардагерлері, өндіріс озаттары, шеберлер мен жас мамандар «Еңбек ардагері» медалімен, түрлі дәрежедегі «Кенші даңқы» және «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, сондай-ақ құрмет грамоталарымен марапатталды.
Шара барысында «Ұлытау қайырымдылық қоры» қоғамдық қорының атынан көпбалалы анаға үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Бұл мерекелік кештің ерекше әсерлі сәттерінің біріне айналды.
Салтанатты жиын соңы танымал өнерпаздар мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері қатысқан концерттік бағдарламамен қорытындыланды.