Қазақ сыныбында оқитын балалары қазақ тілінде еркін сөйлей алмайтындықтан төмен баға алып жүргенін айтқан ананың жазбасы әлеуметтік желіде қызу пікірталас туғызды. Ана мұғалімдерден балаларына түсіністік танытып, қолдау көрсетуді сұраса, пікір білдірушілердің бір бөлігі «баланың қазақша сөйлеуіне мектеп қана емес, отбасы да жауапты» деп қарсы уәж айтты, деп жазады Democrat.kz.
Желіде «Балаларымның мұғалімдеріне үндеу. Қазақша дұрыс сөйлемейді екен деп баға түсіру жоғынан. Қолдаңыздар, демеу көрсетіңіздер. Біз тыным таппай жұмыс жасаудамыз. Қазақи балалар 1 сағат отырса, біз 3 сағат отырамыз», – деп жазған ана.
Оның айтуынша, балаларын орыс мектебіне ауыстыруға мүмкіндігі болғанымен, бұған саналы түрде барғысы келмейді.
«Жыласа да, жалынса да қазақ мектебінен алмаймын! Бала-шағам орыстанбасын, қазақи тәрбие алсын, өз еліне, өз тіліне қызмет етсін деген ойдамыз. Қиын! Орыс мектебіне берсем, көздерін жұмып тұрып 5-ін алушы еді», – дейді ол.
Ана мұғалімнен жоғары баға сұрамайтынын да нақтылаған.
«Бізге керегі баға емес – білім! Тәрбиесіне өзім 100 пайыз жауап беремін, білімін 50/50 көтерейік!»
Осы жазбадан кейін желі қолданушылары екіге бөлінді.
Бір тарап ананың әрекетін қолдап, орысша сөйлейтін балаларын қазақ сыныбына берген ата-аналарды керісінше қолдау қажет екенін айтты.
«Балаларымыздың орыстанып кетуіне біз үлкендер кінәліміз. Сол үшін бүлдіршіндерімізді аялай отырып, өз тамырына қайтарайық. Бастауыш мұғалімдеріне оңай емес, дегенмен ұлтқа қызмет жасап жатырмын деп ойлаңыз. Алдыңызда қазақ болашағы отыр», – деп жазды пікір иелерінің бірі.
Тағы бір қолданушы өз тәжірибесін мысалға келтірген. Оның айтуынша, қазақ сыныбындағы 15 баланың 3-4-еуі ғана үнемі орысша сөйлеген. Алайда көп ұзамай қалған балалардың ықпалымен олардың да тілі қазақшаға ауысқан.
Тағы бір ана екі қызының да бастапқыда орысша сөйлегенін, кейін қазақ мектебіне берген соң қазақ тіліне тез бейімделгенін жазған.
Бұл пікірлердің астарында бір маңызды ой жатыр: қазақша білмейтін баланы қазақ мектебінен шеттету қазақ тілінің мәселесін шешпейді. Керісінше, сол баланың қазақша үйрену мүмкіндігін азайтады.
«Жеті жасқа дейін неге қазақша үйретпедіңіз?»
Алайда қарсы пікір айтқандар да аз емес.
Кейбір желі қолданушылары баланың мемлекеттік тілді білмеуіне мұғалімді кінәлау әділетсіз деп есептейді.
«1-сыныпқа дейін баланың тілін орысша сөйлетіп алып, енді неге мұғалімге ренжіп отырсыз? Ол жерде диагностика бар, баланың деңгейі ана тілінде талапқа сай келмей тұрса, бағаны қалай көтермек?» – дейді пікір иелерінің бірі.
Тағы бірі:
«Мұнда мұғалімді кінәлау керек емес. 7 жасқа дейін қазақша сөйлете алмаған кінәні өзіңізден іздеңіз», – деп жазған.
Ал кейбірі мұғалім әр оқушымен жеке-жеке қосымша айналысуға міндетті емес екенін алға тартады.
Бұл уәждің де жаны бар. Мұғалімнің сыныбында бір ғана бала отырмайды. Бір сыныпта ондаған оқушы болса, әр баланың тілдік олқылығын сабақтан кейін жеке толтыруды бір педагогтың мойнына арту мүмкін емес.
Бірақ осы тұста екінші шетке кетуге де болмайды.
Қазақша білмеген балаға «жаман оқушы» ретінде қарау дұрыс па?
Мәселенің ең күрделі тұсы осында.
Бала қазақша еркін сөйлемеуі мүмкін. Бірақ оның математикаға қабілеті, ойлау жүйесі, есте сақтауы немесе жалпы білім деңгейі нашар деген сөз емес.
Тілдік кедергі мен баланың ақыл-ой қабілетін шатастыруға болмайды.
Сондықтан мұғалім баланың қазақша сөйлеудегі қателігін сол пән бойынша бағалауы мүмкін болғанымен, тілдік қиындығын басқа пәндердегі білімін төмендетуге себеп етпеуі тиіс.
Сонымен қатар баға баланы ынталандыру немесе жазалау құралы емес. Ол нақты оқу нәтижесін көрсетуі керек.
Осы себепті ананың «қисық 4-теріңіз біз үшін 5» деген сөзі мәселенің басқа қырын аңғартады. Бұл жерде ана «балама міндетті түрде 5 қой» деп отырған жоқ. Ол баласының қазақ тілін енді меңгеріп келе жатқан еңбегінің ескерілгенін қалайды.
Қазақ мектебіне қазақша білмей келген бала кімнің мәселесі?
Тек мұғалімдікі емес.
Тек ата-ананікі де емес.
Ата-ана баланың үйдегі тілдік ортасына жауапты. Мұғалім мектептегі білім беру процесіне жауапты. Ал білім беру жүйесі мемлекеттік тілде білім алғысы келген балаға оны меңгеруге жағдай жасауға тиіс.
Себебі мұнда бір парадокс бар.
Қоғам бір жағынан «қазақ мектептерінің санын көбейтейік, қазақ тілінің қолданысын кеңейтейік» дейді. Екінші жағынан қазақша нашар сөйлейтін бала қазақ сыныбына келген кезде: «Неге жеті жасқа дейін үйренбедің?» деп кінәласақ, сол баланы қайтадан орыс тілді ортаға итермелеп жіберуіміз мүмкін.
Ал тіл дәл осындай балалар қазақша сөйлей бастағанда кеңейеді.
Сондықтан қазақ мектебіне баласын әдейі берген орыс тілді ата-ананы сөгу емес, оның шешімін қолдау әлдеқайда пайдалы.
Бірақ ата-ана да бүкіл жауапкершілікті мектепке ысыра алмайды. «Баламды қазақ сыныбына бердім, енді қазақша сөйлетіп шығару – мұғалімнің міндеті» деген түсінік те дұрыс емес.
Мұнда ең ұтымды жол – «кім кінәлі?» деп тартысу емес, балаға қазақ тілін меңгеруге мектеп пен отбасының бірге жағдай жасауы.
Өйткені бүгін қазақша қиналып бір ауыз сөйлем құрап отырған бірінші сынып оқушысы ертең қазақ тілінде ойлайтын, оқитын, жұмыс істейтін азамат болуы мүмкін.
Оған жету үшін кейде балаға қойылған «5»-тен гөрі, оның қазақша айтуға талпынған алғашқы бес сөзі әлдеқайда қымбат.