Желіде ата-ана мен мұғалім айтысып қалды: Баланы оқыту, үйрету кімнің міндеті?

Желіде ата-ана мен мұғалім айтысып қалды: Баланы оқыту, үйрету кімнің міндеті?

Әлеуметтік желіде «Балаңыз қалам ұстай алмаса, ақылы қосымшаға беріңіз» деген пікірге байланысты дау туды. Бір тарап мектеп баланы оқыту үшін бар, негізгі дағдыны мұғалім үйретуі тиіс десе, екінші тарап «мұғалім няня емес, ата-ана да баламен айналысуы керек» деп қарсы уәж айтты. Заңға қарасақ, екі тараптың да міндеті бар. Бірақ негізгі оқу бағдарламасын ақылы сабаққа ысырып қоюға болмайды, деп жазады Democrat.kz.

Жазба авторы мұғалімдердің кейде «балаңыз қалам ұстай алмайды, ақылы қосымшаға беріңіз» деген ұсыныс айтатынына наразы болған.

Ол:

«Сонда мектепте не істейді? Апайлар сабақтан кейін қосымша ашып, сол жерде оқытып, ақша тауып жатыр. Ал негізгі сабақта не үйретеді?» – деген сауал көтерген.

Бұған қарсы пікір білдіргендер де аз емес.

«Мұғалім – няня емес. Мұғалім сабақтан тыс уақытын түгел балаға арнауға міндетті емес. Ата-ана да баласына уақыт бөліп, бағыт беруі керек», – деген пікірлер жазылған.

Бұл даудың ең маңызды тұсы – «кім дұрыс?» деген сұрақ.

Заң бойынша мектептің міндеті қандай?

Қазақстанның «Білім туралы» заңында орта білім беру ұйымы мемлекеттік стандартқа сәйкес баланың білім, білік және дағдыларды меңгеруін қамтамасыз етуге міндетті екені көрсетілген.

Ал «Педагог мәртебесі туралы» заңның 15-бабында педагог оқыту сапасын мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартынан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге, педагогикалық әдепті сақтауға және ата-анаға баланы оқыту мәселелері бойынша кеңес беруге міндетті екені жазылған.

Яғни мұғалімнің негізгі міндеті – сабақ үстінде бағдарламаны сапалы түсіндіру және баланың сол бағдарламаны меңгеруіне жағдай жасау.

Бастауыш білім стандартының өзінде баланың жазу, каллиграфиялық дағдыларды меңгеруі нақты талап ретінде көрсетілген. 1-сыныптағы сауат ашу бағдарламасында оқушы әріпті дұрыс жазуға, бас және кіші әріптерді байланыстыруға, көркем және сауатты жазуға дағдылануы тиіс.

Сондықтан «қалам ұстауды білмейсің – оны мектепте үйретпейміз, ақылы қосымшаға бар» деген ұстаным заңның рухына сәйкес келмейді.

Бірақ ата-ананың да міндеті бар

Бұл жерде ата-ананы толық жауапкершіліктен босату да дұрыс емес.

«Білім туралы» заң ата-анаға баланың білім алуына жағдай жасау, мектеппен ынтымақтастық орнату және оның сабаққа қатысуын қамтамасыз ету міндетін жүктейді.

Мектепке дейінгі дайындықтың өзінде баланың қарапайым жазу дағдыларына бейімделуі – қалам, қарындаш ұстауы, сызық сызуы, қағаз бетінде бағдарлануы көзделген.

Демек, бірінші сыныпқа келген балада белгілі бір бастапқы машықтың болғаны жақсы. Ата-ана үйде сурет салдыру, қалам ұстау, кітап қарау секілді қарапайым дағдыларға көмектесе алады.

Бірақ бұл – «бала мектепке дайын емес екен, оны мектеп оқытпайды» деген сөз емес.

Мұғалім тегін қосымша сабақ өткізуге міндетті ме?

Мұнда мұғалімдердің уәжі орынды.

Педагогтің қызметтік міндеттерінде негізгі оқу процесін жүргізу, ата-анамен жұмыс істеу, кеңес беру бар. Бірақ әр баламен сабақтан кейін шексіз және міндетті түрде тегін жеке сабақ өткізу мұғалімнің автоматты міндеті ретінде заңда көрсетілмеген.

Мектеп қосымша білім беру қызметтерін ақылы да, тегін де ұсына алады. Бірақ мұндай қызмет негізгі білім бағдарламасынан тыс болуы керек. Заң мемлекеттік стандарт шеңберіндегі білім беру қызметін ақылы етуге жол бермейді.

Осы жерде нақты шекара шығады.

Егер бала стандарттағы негізгі тақырыпты түсінбей қалса, мұғалім оны сабақ үстінде түсіндіруге және меңгертуге тиіс.

Ал ата-ана баласына тереңдетілген дайындық, репетиторлық немесе жеке қосымша курс алғысы келсе – ол бөлек қызмет.

Бірақ міндетті бағдарламаны толық меңгерту міндетін ақылы қосымша сабаққа ысырып қоюға болмайды.

«Мұғалім бұрын кешке дейін отырғызатын» деген талап та дұрыс емес

Жазбада «біздің кезімізде мұғалім таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін отырғызып, қалам ұстататын» деген ой да айтылған.

Бұл пікірді де бүгінгі мұғалімге міндет ретінде жүктеу дұрыс емес.

Педагогтің жұмыс уақыты мен еңбек міндеті еңбек заңнамасы және оның нақты жүктемесімен айқындалады. Мұғалім ата-ананың орнына кешке дейін баланы тегін қарап отыруға міндетті емес.

Мұғалім – тәрбиеші де, педагог те, бірақ ол отбасының толық функциясын атқаратын «тәулік бойғы жауапты адам» емес.

Сонда кім дұрыс?

Бұл дауда ата-ананың «мектеп негізгі дағдыны үйретуге міндетті» деген талабы – дұрыс.

Бірақ «мұғалім сабақтан кейін де баламен қанша уақыт болса да тегін отыруы керек» деген талап – дұрыс емес.

Мұғалімнің «ата-ана да баламен айналысуға тиіс» деген пікірі де заңға сай.

Ал ең даулы жер – «бала білмесе, ақылы сабаққа беріңіз» деген тәсіл.

Егер сөз негізгі оқу бағдарламасындағы дағды туралы болса, мұны ақылы сабаққа ысырып қоюға болмайды.

Қарапайым тілмен айтқанда: мектеп – оқытады, ата-ана – қолдайды. Бірақ мектеп өз міндетін ата-анаға немесе репетиторға өткізіп бере алмайды.

Осы екі тараптың міндеті бірін-бірі алмастырмайды, толықтырады.

Барлық жаңалықтар