Әлеуметтік желіде Қазақстанды атеистер үлесі жоғары елдердің қатарына қосқан кесте қызу талқыланып жатыр. Жарияланған деректе Қазақстан 49 пайыз көрсеткішпен әлем бойынша 14-орында тұрғаны көрсетілген. Алайда желі қолданушылары бұл санның жалпы халыққа қаншалықты дәл қатысты екеніне күмән келтіріп, пікір екіге жарылды, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісіндегі жазбада World Population Review сайтының «Most Atheist Countries 2026» атты дерегі ұсынылған. Кестеде Қазақстандағы атеистер үлесі 49 пайыз, діндар адамдар үлесі 41 пайыз деп көрсетілген.
Жазба авторы:
«Қазақстан ең атеистік елдерге кіреді екен. Жалпы ең атеистік елдер бойынша Қазақстан 14-орында, халқымыздың 49%-ы атеист», – деп жазған.
Бұл мәлімет желіде бірден қызу пікірталас тудырды.
Кей қолданушылар жаңалықты әзілмен қабылдаған.
«Иншалла, бірінші орында боламыз», – деп жазды бір оқырман.
Тағы бірі:
«Слава богу, 50% атеист екенімізді білгенмін», – деп пікір қалдырған.
«Егер рас болса, бұл керемет», «49 пайыз болмаса да, олардың қатары күннен-күнге өсіп келеді» деген пікірлер де жазылған.
Ал екінші тарап жарияланған статистиканың дұрыстығына күмән келтірді.
«Бұл жалған ақпарат. Ресми статистика бойынша Қазақстанда өзін діндар санайтындар әлдеқайда көп», – деп жазған қолданушылар бар.
Тағы бір пікір иесі 49 пайыз деген көрсеткішті бүкіл Қазақстан халқына тікелей телуге болмайтынын айтып:
«Gallup тапсырғандардың 49 пайызы ма? Ол жалпы халықтың 49 пайызы дегенді білдірмейді ғой», – деген.
Жазба авторы болса статистиканың сауалнама арқылы жасалатынын айтып, көрсеткіштің сауалнамаға қатысқан адамдардың жауаптарынан алынатынын түсіндірген.
Талқылауда Қазақстандағы діндарлық туралы да түрлі пікір айтылды. Кейбір қолданушылар өзін белгілі бір дінге жатқызу мен нақты діни практиканы ұстанудың бір нәрсе еместігін жазса, енді бірі халықтың басым бөлігі өзін мұсылман санайтынын алға тартқан.
Скриншотта көрсетілген кестеде Қазақстаннан жоғары тұрған елдердің қатарында Швеция, Жапония, Қытай, Дания, Норвегия, Эстония, Оңтүстік Корея, Испания, Германия, Финляндия, Ұлыбритания, Латвия және Австрия бар.
Осылайша, әлеуметтік желідегі бір статистикалық кесте Қазақстандағы діндарлық пен атеизм тақырыбын қайтадан үлкен пікірталасқа айналдырды. Негізгі дау 49 пайыз көрсеткіштің нақты нені білдіретіні және оны бүкіл халыққа қатысты дерек ретінде қабылдауға бола ма деген сауал төңірегінде өрбіді.