Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі қайта көтерілді

Қазақстанда әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесі қайта көтерілді

Қазақстандық әйелдер зейнетке шығу жасын төмендету туралы ұсынысты қайта көтерді. Қоғамдық қозғалыс өкілдері Құрылтай депутатына жүгініп, қолданыстағы зейнетақы жүйесін қайта қарауды сұраған. Еңбек министрлігі бұл мәселенің еңбек өтілі мен зейнетақы жарналарына байланысты екенін түсіндірді, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасына қатысты қоғамдық талқылау жалғасып жатыр.

13 қазанда «Ақ жол» партиясы әйелдер қозғалысы өкілдерінің Құрылтай депутаты Мейраш Шынасыловаға жүгінгенін хабарлады.

Қоғамдық қозғалыс өкілдері әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесін көтерген.

Кездесу қыркүйек айында өткен.

Осыдан кейін депутат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің әлеуметтік қамсыздандыру және сақтандыру департаментінің директоры Данара Қайролламен кездескен.

Тараптар әйелдер қозғалысының ұсыныстарын және қолданыстағы зейнетақы жүйесінің талаптарын талқылаған.

Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, Қазақстандағы зейнетақы төлемдерінің мөлшері азаматтың еңбек өтіліне және зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты.

Адам неғұрлым ұзақ жұмыс істеп, зейнетақы жарналарын тұрақты аударса, болашақтағы зейнетақы төлемінің мөлшері де соған сәйкес қалыптасады.

Сонымен қатар қолданыстағы заңнамада бала күтіміне және тұрақты күтімді қажет ететін адамдарға қарауға жұмсалған кейбір кезеңдерді еңбек өтіліне есептеу мүмкіндігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта Қазақстанда әйелдердің зейнетке шығу жасы 61 жас болып белгіленген.

Бұл көрсеткіш 2028 жылдан бастап кезең-кезеңімен ұлғайтылады.

Атап айтқанда, 2028 жылы әйелдер 61,5 жаста, 2029 жылы 62 жаста, 2030 жылы 62,5 жаста зейнетке шығады.

2031 жылдан бастап әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа жетуі тиіс.

«Ақ жол» партиясы көтерілген мәселені әйелдердің ұсыныстарын, қолданыстағы заңнаманы және ықтимал әлеуметтік салдарды ескере отырып зерттеуді жалғастыратынын мәлімдеді.

Барлық жаңалықтар