Қазақстанда пәтерлер мен жеке үйлерді жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өртінен міндетті сақтандыру ұсынылды. Жылдық төлем шамамен 2163 теңгеден 21 625 теңгеге дейін болуы мүмкін, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда «Сақтандыру нарығы туралы» жаңа заң жобасы жарияланды. Құжатта тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандырудың жеке жүйесін енгізу көзделген.
Жобада жер сілкінісі, су тасқыны және табиғи орман өртінен сақтандыру үшін арнайы Тұрғын үйді міндетті сақтандыру қоры құрылатыны жазылған. Қорды Үкімет құрады.
Сақтандыру төлемінің мөлшері тұрғын үйдің мүлік салығына және оның орналасқан өңіріндегі табиғи қауіп деңгейіне байланысты есептелмек. Қауіп неғұрлым жоғары болса, төлем де соғұрлым көп болады.
Жобада жылдық сақтандыру жарнасының төменгі шегі 0,5 АЕК, жоғарғы шегі 5 АЕК деп көрсетілген. Қазіргі есеппен бұл шамамен 2163–21 625 теңге аралығы.
Үй толық жойылған жағдайда төлем сақтандыру жарнасының 500 есесіне, ал зақымданған кезде 250 есесіне дейін жетуі мүмкін. Мысалы, ең төменгі жарна төленсе, толық жойылған баспана үшін шамамен 1,08 млн теңге өтемақы қарастырылуы мүмкін. Бұл әзірге заң жобасы, сондықтан нормалар түпкілікті қабылданған жоқ.