"Қазақстандық халифатшыларға" миллиондап ақша бөлудің керегі бар ма?

"Қазақстандық халифатшыларға" миллиондап ақша бөлудің керегі бар ма?
"Жусан" операциясы бюджетті жеп жатыр. Енді дін істері комитетінің    "тәбеті" ашылған ба?
 
"Кәпір елде тұрмаймыз, "Мұсылман халифатын" құрамыз" деп Сирия мен Ирак жерінде жиһад соғысқа кеткен қазақстандықтардың тірі қалғанындары мен бала-шағасын "Жусан" атты арнайы операциямен елге алып келген еді.
 
"Азаматтық бастаманы қолдау орталығы" атты ұйым Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен 2019-2023 жылдары елге келген сондай адамдарды әлеуметтік және құқықтық қолдау үшін бюджеттен ақша сұрап жатыр.
 
Террорлық зонадан алып келген әрбір адам басына қысқа мерзімді грант түрінде 11 млн 796 мың теңге керек екен. Ұйым бұл шаруаны осы жылы тамызда бастап желтоқсанға дейін аяқтауға тиіспіз деп жанығып отыр. Жоба Алматы, Астана қаласы мен Атырау және Батыс Қазақстан облысын қамтиды...
 
"Жусан" операциясы деген бюджетке масыл боп Қазақстанда әбден әбігерге салды ғой. Террорлық зонадан қазақстандық "халифатшыларды" алып шығуға қанша күш, қанша қаржы кетті.
 
Елге алып келген соң олардың бала-шағасына тұратын үй жалдап, әрбірін бақылап жүретін 'үш әріп" қойды. Мұның бәріне бюджеттің қыруар қаржысы жұмсалып жатыр.
 
Енді қысқа мерзімді әлеуметтік және құқықтық көмекке 12 млн теңгеге жуық қаржы керек екен. "Жусанның" бұл проблемасы қашан бітеді?! Қазақстанға талақ айтып шетелге барып келген "халифатшыларды" қашанға дейін бағамыз?!.
 
Осыған министр Аида Балаева не деп жауап береді? Ол қарамағындағы дін істері комитетінің "тәбетін" қашан тыяды?
 
Ораз ӘЛІМБЕКОВ, журналист. 
Барлық жаңалықтар