2027 жылғы қажылық маусымында қазақстандықтарды Сауд Арабиясына апаруға төрт туристік компания іріктелді. Туроператорлар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өткізген арнайы конкурс нәтижесінде анықталды, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, іріктеудің басты мақсаты – қазақстандық қажыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, олардың Сауд Арабиясындағы қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету.
Сондай-ақ туроператорлар Сауд Арабиясының қажылықты ұйымдастыруға қатысты заң талаптарын сақтауы тиіс.
«Туристік фирмаларды арнайы құрылған комиссия іріктейді. Олардың лицензиясын мүфтият «Туристік Қамқор» корпоративті қоры арқылы тексереді», – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Қандай компаниялар іріктелді?
Конкурс қорытындысы бойынша 2027 жылғы қажылық сапарын ұйымдастыруға мына төрт туроператор таңдалған:
- «Атлас Туризм» ЖШС;
- «Нұрхан Тревел» ЖШС;
- «Тауаф Тревел» ЖШС;
- «Хикмет Тревел» ЖШС.
Мүфтияттың түсіндіруінше, конкурстан өтпей қалған туроператорлардың да қажылық сапарын ұйымдастыру мүмкіндігі бар. Ол үшін компаниялар іріктеуден өткен төрт туроператордың бірімен субагенттік негізде жұмыс істей алады.
«Аталған ашық конкурстан өтпей қалған туроператорлар заңды түрде белгіленген тәртіпте жоғарыдағы туроператорлардың бірімен субагенттік негізде қажылық сапарын ұйымдастыруға мүмкіндігі бар», – деп хабарлады ҚМДБ.
Айта кетейік, бұған дейін қажылыққа баруды жоспарлаған азаматтардың лицензиясы жоқ туристік компанияларға алданып, қаржысынан айырылған жағдайлары кездескен. Осыған байланысты қажылық сапарын ұйымдастыратын компаниялар арнайы конкурс арқылы іріктеледі.