Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза қазіргі қоғамдағы әділетсіздік туралы өз ойын жазып, сынға қалды деп жазады Democrat.kz.
"Біздің қоғам әділдікті талап етеді. Сот әділ болса, Үкімет әділ болса, президент әділ болса, айналасындағы жолдас-жоралары әділ болса, бастығы мен әріптестері әділ болса дейді. Бірақ қоғам өзі көп жағдайда әділ болмайтынын аңғармайды, аңғарса да мойындамайды.
Нақты 4 мысал:
ҚОҒАМ Билял Сулеев, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов үшеуіне кезек-кезек тұрмысқа шығып, үшеуінен 6 құрсақ көтерген Фатима Ғабитованы - ұлы тұлға деп санайды. Бірақ тура солай, бүгінгі күні бірінен кейін бірі 3 ер азаматқа тұрмысқа шыққан басқа әйел туралы пікірі басқаша болады.
ҚОҒАМ Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.а.у.) өзінен 20 жас үлкен Хадиша анамызға үйленгенді қабылдайды. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз Мұхаммад (с.а.у.) 18 жасқа толмаған Аиша анамызға үйленгенін де қабылдайды. Бірақ қазір өзінен бірнеше жас үлкен әйелге үйленген ер азаматтарды сөздің астына алып, 18 жасқа толмаған қызға үйленген ер азаматтарды педофилияға жақындатып жатады.
ҚОҒАМ Шыңғысханды өліп-талып “қазақ болған”, “моңғолдар оның есімін өзіне өтірік жабыстырып алған” деп айтуға шаршамайды. Жошы хан мен Бату ханды тіпті қазақтың хандарындай қабылдап алған. Бірақ кеше ғана Баян Өлгейден келген бауырларымызды “Моңғол” дейді. Қытайдан келген бауырларымызды “Қытай” дейді.
ҚОҒАМ қазақша нашар сөйлейтін Тимур Сулейменов, Алмасадам Сатқалиев, Руслан Жақсылықов және басқа да қазақ тілге шорқақ шенеуніктерді табалап, жер-жебіріне жетеді, ал тегін пәтер таратқан Турсен Алагузовтың қазақшасы туралы жақ ашпайды.
Мен біреу жақсы, біреу жаман демеймін. Бірақ нақты бір іс үшін мақтасаң - сол істі жасаған басқа да адамдарды мақта. Табаласаң да, ісі мен жәйті ұқсас адамдарды бірге табала. Сонда өзің әділ боласың. Ал өзің әділ болмай, биліктен, көршіңнен, досыңнан әділдік күту - ол екіжүзділік.
Демек, біздің Қоғам көбінесе әділетсіз. Адамына қарай сөйлейді. Қоғам шындықты ауызымен іздейді де, ал жеме-жемге келгенде шындық маңызды болмай қалады - сол сәттегі адамның алыс-жақындығы, жақсы-жамандығы, пайдасы мен қателігі алғы шепке шығады.Өз ойым" деп жазды Самат Нұртаза.
Депутаттың бұл жазбасына қатысты "өте дұрыс пікір" деушілермен қатар, "қоғамдағы әділетсіздік - биліктен", "қоғам емес әділетсіз, әділдікті депутаттар бастасын", "неге әділетсіздікке халықты кінәлайсыз?" деген сыңайда сыни пікірлер де жазылуда.