"Құпияларды бүгін айта аламын" деген Ермұхамет Ертісбаев жұрт білмейтін сұмдықты жайып салды

"Құпияларды бүгін айта аламын" деген Ермұхамет Ертісбаев жұрт білмейтін сұмдықты жайып салды

Ермұхамет Ертісбаевтың саяси сұхбаттарын тыңдасаңыз, бір нәрсе анық байқалады: ол Нұрсұлтан Назарбаевты сынағандай болады, бірақ соңында бәрібір ақтап шығады. Бұл жолы да солай болды деп жазады Democrat.kz.

Қазақстан Халық партиясы төрағасының кеңесшісі журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында Назарбаевты көрнекті мемлекет қайраткері, ел тарихындағы ең ірі саяси тұлғалардың бірі әрі тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы деп атады.

Ал Назарбаев билігі тұсындағы жемқорлық, оның туыстарының шектен тыс байып кетуі туралы сұрақ қойылғанда Ертісбаев жауапкершілікті бүгінгі билікке қарай сырғытты.

Оның пайымынша, заңсыз шығарылған активтерді қайтару үшін арнайы комитет құрылды. Енді сол орган ақшаны елге қайтаруға күш салуы керек.

Сонда қалай?

Отыз жылға жуық билік құрған адамның дәуірінде ел байлығы кімдердің қолына өтті деген сұраққа жауапты сол дәуірдің саяси серіктері емес, кейін келген билік беруі керек пе?

Назарбаев – «тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы», ал оның тұсында тамыр жайған жемқорлық пен туыстарының байлығы – қазіргі биліктің бас ауруы ма?

Бұл тым ыңғайлы қисын емес пе?

«Мәсімов мені ығыстырды»

Сұхбат барысында Ертісбаев өзінің Назарбаев командасынан қалай кеткенін де айтып берді.

Оның сөзінше, президент әкімшілігіне Кәрім Мәсімов келгеннен кейін Ертісбаевты ол жерден көргісі келмеген. Соның салдарынан ол 2013 жылдан кейін елшілік қызметке жіберілген.

«Ашығын айтсам, мені Мәсімов ығыстырып шығарды. Ол өзі президент әкімшілігіне барғаннан кейін мені ол жерден көргісі келмеді. Жүрегіме жүк түсті, бірақ тағдырға қазір шексіз ризамын, себебі мен екі елге барып қызмет етіп, дипломатиялық қызметтің не екенін түсіндім. Ол құпияларды бүгін айта аламын», – дейді Ертісбаев.

Бұл сөзден Ертісбаевтың саяси жүйеге емес, сол жүйенің ішіндегі бір адамға өкпелі болғаны байқалады. Яғни мәселе Назарбаев құрған билік құрылымында емес, Мәсімовтің жеке әрекетінде болғандай беріледі.

Бірақ Кәрім Мәсімов президент әкімшілігіне өз бетімен келді ме? Оны жоғары қызметтерге кім тағайындады? Президенттің айналасында кімнің қалатынын, кімнің елшілікке кететінін кім шешті? Егер Ертісбаевты Мәсімов ығыстырса, Назарбаев оны байқамады ма? Әлде білді де, үнсіз келісті ме?

Бұл сұрақтарға сұхбатта нақты жауап берілмеді.

Министрлік қызмет те алдын ала бөлінген бе?

Ертісбаев 2008 жылы мәдениет және ақпарат министрі қызметінен алынғанын да еске түсірген. Оның айтуынша, Назарбаев бұл лауазымды Мұхтар Құл-Мұхамедке беретінін ашық айтқан.

Мұны Ертісбаев табиғи кадрлық шешім ретінде қабылдайды.

Бірақ мемлекеттік қызмет деген бір адамның екінші адамға «орнын босатып беруі» ме?

Министрлік лауазым кәсіби біліктілік пен ашық бәсеке арқылы емес, жоғарыдағы бір адамның қалауымен ауыстырылып отырса, оны мемлекеттік басқару дейміз бе, әлде сарай ішіндегі орын бөлісу дейміз бе?

Ертісбаев өзі сол жүйенің ішінде ұзақ жыл қызмет етті. Министр болды. Президенттің кеңесшісі болды. Елші болды.

Бүгінде ол сол дәуірдің құпияларын айта алатынын мәлімдеп отыр.

Онда тек өзін кімнің ығыстырғанын емес, мемлекеттегі шешімдер қалай қабылданғанын да толық айтсын.

Кімдер қызметке туыстықпен келді?

Кімдер президентке жақындығы арқылы байыды?

Қай шешім мемлекеттің мүддесі үшін, қайсысы жеке топтардың пайдасы үшін қабылданды?

Қандай заңсыздықты көрді?

Қайсысына қарсылық білдірді?

Назарбаевқа мадақ, жауапкершілікке келгенде – үнсіздік

Ертісбаев Назарбаевты тарихи тұлға деп бағалауға құқылы.

Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орнын ешкім өшіре алмайды. Бірақ тарихтағы орын тек салынған ғимаратпен, көшірілген астанамен немесе халықаралық жиындармен өлшенбейді.

Ол дәуірде қалыптасқан жемқорлық, саяси монополия, туыстық капитализм мен биліктің бір қолға шоғырлануы да сол тарихи мұраның бір бөлігі.

Тұлғаның жетістігін айтып, оның билігі тұсындағы зардапты басқа біреудің мойнына іле салуға болмайды.

Егер Назарбаев мемлекеттің негізін қалаған болса, сол мемлекеттің ішіндегі жүйелік кемшіліктер үшін де саяси жауапкершіліктен тыс қалмауға тиіс.

Ал «активтерді қазіргі билік қайтарсын» деу – салдарды бүгінгілерге тапсырып, себепті кешегілерден ажырату.

Ертісбаевтың әңгімесінен Назарбаев дәуірінің шындығынан гөрі өзінің сол дәуірдегі өкпесі көбірек сезіледі.

Оны Мәсімов ығыстырған. Министрлік қызметін Құл-Мұхамедке берген. Өзі елшілікке кеткен.

Бірақ бүкіл осы кадрлық шешімдердің үстінде отырған Назарбаевқа келгенде сөзі қайтадан мадаққа ауысады.

Сонда Ертісбаевтың ашып отырған «құпиясы» қайсы?

Мәсімовтің өзін ұнатпағаны ма?

Әлде Назарбаев дәуірінде мемлекет тағдыры бірнеше адамның жеке қарым-қатынасына тәуелді болғаны ма?

Екінші тұжырым шындыққа жақын болса, онда мәселе Мәсімовте ғана емес. Мәселе – сондай жүйені құрған және ұзақ жыл сақтап тұрған биліктің өзінде.

Барлық жаңалықтар