Құрылтай мінберінде айтылған әлеуметтік мәселелер Үкіметтің нақты жұмыс жоспарына айналып жатыр

Құрылтай мінберінде айтылған әлеуметтік мәселелер Үкіметтің нақты жұмыс жоспарына айналып жатыр

Құрылтай мінберінде айтылған әлеуметтік мәселелер Үкіметтің нақты жұмыс жоспарына айналып жатыр. Денсаулық сақтау, білім, спорт пен туризмге қатысты тапсырмалардың орындалуы жеке кеңесте қаралып, министрлерден есеп алынды, деп жазады Democrat.kz.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Мемлекет басшысының денсаулық сақтау, оқу-ағарту, туризм және спорт салаларына қатысты тапсырмаларының орындалу барысы қаралды. Жиында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов есеп берді.

Үкімет бұл жолы жалпы есеппен шектелмей, халық күнделікті сезінетін мәселелерге назар аударған. Атап айтқанда, медициналық көмектің қолжетімділігі, білім сапасы, әлеуметтік инфрақұрылым, бұқаралық спорт және туризмнің экономикадағы үлесін арттыру мәселелері қаралды.

Ең маңыздысы – салынып жатқан әлеуметтік нысандардың жай-күйіне кешенді талдау жүргізу тапсырылды. Нысандардың қағаз жүзінде ғана «игерілген қаржы» болып қалмай, сапалы салынып, белгіленген мерзімде халық игілігіне берілуі талап етілді. Кеңес соңында жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Құрылтайда көтерілген мәселелер бойынша бюджеттен нақты қаражат бөлу жұмыстары да басталған. Мәселен, Үкімет Ақтөбе облысындағы үш медициналық жобаға 5,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Оның ішінде Ақтөбе қаласындағы жаңа жедел жәрдем қосалқы стансасы, Ырғыз ауданындағы емхана және Жаңақоныс тұрғын алабындағы облыстық психикалық денсаулық орталығына қосымша ғимарат салу қарастырылған. Үкімет бұл жобаларды Құрылтайдың бірінші сессиясында қойылған әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту міндеттерімен байланыстырады.

Павлодарда да Құрылтай тапсырмалары аясында көпфункционалды Мұз спорт сарайын салуға 19,9 млрд теңге бөлінді. Жобада 400 метрлік коньки жолы, екі хоккей алаңы және керлинг жолақтары қарастырылған.

Осылайша, Құрылтайда айтылған әлеуметтік міндеттер біртіндеп Үкіметтің күнделікті жұмыс күн тәртібіне ауысып келеді. Ендігі негізгі өлшем – бөлінген миллиардтардың көлемі емес, сол қаржыға салынған аурухана, мектеп пен спорт нысандарының уақытында ашылып, халыққа нақты қызмет көрсетуі.

Барлық жаңалықтар