Қазақстанның жоғары лауазымды шенеуніктері Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасады. Үкімет басшысы Олжас Бектенов, Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде дауыс берді деп жазады Democrat.kz.
Олжас Бектенов бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау барысында азаматтық міндетін орындады.
Ал Мәулен Әшімбаев Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берді. Сайлаудан кейін Сенат төрағасы бұл күнді ел тарихындағы маңызды оқиға деп бағалады.
Оның айтуынша, Құрылтай сайлауы Мемлекет басшысының саяси реформаларының жалғасы болып саналады. Әшімбаев жаңа Конституцияда мемлекеттік билік институттарын ұйымдастырудың жаңа жүйесі қалыптасқанын атап өтті.
«Бүгін тарихи күн. Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Бұл – еліміздегі реформалардың жаңа кезеңі. Жаңа жүйеде бір палаталы Парламент – Құрылтай маңызды рөл атқарады», – деді ол.
Мәулен Әшімбаев азаматтардың сайлауға белсенді қатысуы маңызды екенін айтып, дауыс беруді тек құқық емес, азаматтық жауапкершілік ретінде де бағалады. Оның пікірінше, әр азамат елдің болашағын қалыптастыруға өз үлесін қоса алады.
Ал Ерлан Қарин Құрылтай сайлауының Қазақстан үшін тарихи маңызына тоқталды. Ол жаңа заң шығарушы институттың алғашқы сайлауы елдің саяси жүйесіндегі институционалдық өзгерістердің бір бөлігі екенін айтты.
«Шын мәнінде, тарихи оқиғаның куәсі әрі қатысушысы болып отырмыз. Бұл – Қазақстан тарихындағы жаңа заң шығарушы институт – Құрылтайдың алғашқы сайлауы», – деді Ерлан Қарин.
Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасарының айтуынша, соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформалар қоғамдық-саяси үдерістерге жаңа серпін беріп, жаңа тұлғалар мен қоғамдық күштердің қалыптасуына ықпал етуде.
Қарин бұл өзгерістердің ауқымы мен қарқынын Қазақстанның соңғы онжылдықтардағы ірі жаңғыру үдерістерінің бірі деп бағалады. Оның сөзінше, реформалар еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің дамуы үшін де маңызды.