Бүгін Құрылтайда Үкімет әзірлеген 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының таныстырылымы өтіп жатыр. Құжатта әлеуметтік міндеттемелерді толық орындау, экономиканың нақты секторын қолдау, инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік қаржының тұрақтылығын күшейту негізгі бағыт ретінде белгіленген, деп жазады Democrat.kz.
Үкімет 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджетті макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, әлеуметтік міндеттемелерді орындау және экономикалық өсімді қамтамасыз ету қағидаттары негізінде әзірледі. Бюджет жобасы бұған дейін Үкімет отырысында мақұлдалып, 10 қыркүйекте Құрылтайдың қарауына түскен.
2027 жылы республикалық бюджет шығыстары 30,2 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр. Бұл 2026 жылғы жоспардан 2,5 трлн теңгеге көп. Үкімет бюджет шығысын жай ғана ұлғайту емес, әрбір бөлінген теңгенің тиімділігін арттыруға басымдық беретінін мәлімдеді.
Бюджеттің ең ірі бағыттарының бірі – әлеуметтік сала. 2027 жылы оған 10 трлн 544 млрд теңге қарастырылған. Бұл республикалық бюджет шығыстарының 34,9 пайызына тең. Әлеуметтік төлемдерді индекстеу және алушылар санының өзгеруін ескере отырып, халықты әлеуметтік қолдауға қосымша 739 млрд теңге көзделген.
Үкімет экономиканың нақты секторын қаржыландыруды да ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл бағытқа 2027 жылы 3,8 трлн теңге бөлінбек. Қазіргі жоспармен салыстырғанда өсім – 507 млрд теңге. Жергілікті атқарушы органдардың даму бюджеттерін қоса есептегенде, нақты секторды қолдаудың жалпы көлемі шамамен 7 трлн теңгеге жетеді. Бұл қаражаттың едәуір бөлігі ірі инфрақұрылымдық жобаларды жалғастыруға бағытталмақ.
Бюджет жобасындағы тағы бір маңызды көрсеткіш – мемлекеттік қаржы тапшылығын біртіндеп қысқарту жоспары. Үкімет болжамына сәйкес, бюджет тапшылығы 2027 жылғы жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызынан 2029 жылы 0,4 пайызға дейін төмендеуі тиіс. Мұнайға қатысты емес тапшылық та 5,3 пайыздан 2,5 пайызға дейін қысқарады деп жоспарланған.
Сонымен бірге Ұлттық қордағы жинақты ұлғайту көзделген. Базалық сценарий орындалса, қордың валюталық активтері 2027 жылғы 65,2 млрд доллардан 2029 жылы 70,6 млрд долларға дейін өседі. Үкімет аса маңызды республикалық инфрақұрылым жобаларын қаржыландыру үшін Ұлттық қордан алынатын мақсатты трансферттерді нақты жобаларға шоғырландыруды жоспарлап отыр.
Экономикалық болжам да осы бюджет параметрлеріне негіз болған. Үкімет 2027 жылы Қазақстан экономикасының нақты өсімін 5,3 пайыз, 2028 жылы 5,5 пайыз, 2029 жылы 5,4 пайыз деңгейінде болжап отыр. Номиналды жалпы ішкі өнім 2027 жылғы 199,3 трлн теңгеден 2029 жылы 245 трлн теңгеге дейін ұлғаяды деген есеп бар.
Үкімет бюджет саясатының тағы бір басымдығы ретінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды озық қарқынмен салуды көрсетіп отыр. Оның ішінде ауруханалар, балаларды оңалту орталықтары, мәдениет және спорт нысандары бар. Сонымен бірге мемлекеттік органдарға қаржылық тәртіпті күшейтіп, бюджеттен жұмсалатын әр теңгенің нәтижелілігін арттыру міндеті қойылған.
Осылайша, Құрылтайға ұсынылған үш жылдық бюджет жобасында Үкімет бір мезгілде бірнеше міндетті шешуге бағыт алып отыр: әлеуметтік шығындарды сақтау, инфрақұрылымды дамыту, экономиканың нақты секторына қаражат бөлу және бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен азайту. Ендігі кезеңде депутаттар Үкімет ұсынған параметрлерді талқылап, бюджет жобасына ұсыныстар енгізеді.