«Қызыл дипломмен де кіре алмайсың»: Мұғалім болу үшін қанша миллион пара берілетіні ашық айтылуда

«Қызыл дипломмен де кіре алмайсың»: Мұғалім болу үшін қанша миллион пара берілетіні ашық айтылуда

Әлеуметтік желіде Қызылорда облысындағы мектептерге жұмысқа орналасудың қиындығы қызу талқыланып жатыр. Желі қолданушыларының сөзінше, кейбір білім беру ұйымдарына мұғалім болып кіру үшін 2–4 миллион теңгеге дейін ақша талап етіледі. Тіпті техникалық қызметкер мен медицина саласындағы бос орындарға да қомақты қаражат сұралады деген пікірлер жазылған деп хабарлайды Democrat.kz.

Талқы Жансая Нұрқожаның: "Неге Қызылордада мектепке жұмысқа орналасу қиын, шынымен? — деген Facebook парақшасындағы сауалынан кейін басталған.

Оған пікір білдіргендердің бірі Қызылордадағы мектепке орналасу үшін кемінде 3–4 миллион теңге сұралатынын мәлімдеген. Оның айтуынша, диплом мен мамандыққа қарамастан, жас мамандарға жұмыс табу қиын.

— Кемі 3–4 миллион сұрайды. Осы жағдай жаз бойы басымнан өтті. Жастарға орын жоқ. Бір жеріне де жолатпайды. Қандай мамандық, қандай диплом дегеніңе қарамайды, — деп жазды желі қолданушысы.

Ол бір жыл ішінде мектептегі жағдайдан қажып, мұғалім болуға деген ықыласы жоғалғанын да жеткізген.

Тағы бір пікір иесі бірнеше жыл білім алып, арнайы тест тапсырып, сертификат иеленген жастардың жұмыссыз жүргенін айтып налиды.

— Балаларымызды жұмысқа қалай тұрғызамыз? 3–4 миллион теңге беретін ақшамыз жоқ. Қанша жыл оқыды, дипломы қолында. Тест тапсырып, сертификат та алған, — дейді ол.

Тазалықшыға — бір миллион, медбикеге — 1,5 миллион теңге ме?

Жазба астындағы пікірлерде ақша тек мұғалімдік қызмет үшін ғана сұралмайтыны айтылған.

Бір тұрғын мектепке тазалықшы болып орналасу үшін өзінен бір миллион теңге талап етілгенін жазды. Енді бір желі қолданушысы медицина колледжін бітірген туысының медбике болып жұмысқа орналасуы үшін 1,5 миллион теңге сұралғанын мәлімдеген.

— Қайын сіңілім медициналық колледжді бітіргенімен, әлі жұмысқа орналасқан жоқ. Медбике болып кіруі үшін 1,5 миллион теңге сұраған. Өзі — жалғызбасты ана. Ондай ақшаны қайдан табады? Мұғалім болу үшін 2 миллион теңге қажет дегенді де естідік, — деп жазды пікір иесі.

Тағы бір тұрғын ұлының қызметке орналасу үшін екі миллион теңге бергенін айтқан. Ал Қазалы ауданынан пікір қалдырған әйел медицина қызметкері болып оқыған келінінің үш жылдан бері жұмыс таба алмай жүргенін жеткізді.

Кейбір желі қолданушылары ақша талап ету мектепке жұмысқа қабылдаумен ғана шектелмейтінін, баланы таңдаған білім ордасына орналастыру кезінде де кездесетінін жазған.

Шымкент тұрғыны баласын бірінші сыныпқа беру кезінде мектеп қызметкерлері әрбір құжат үшін ақша сұрағанын мәлімдеді.

— Құжатты ақша бермесең алмайды деді. Тіпті әр құжатқа ақша сұрайды екен. Ақтөбеде мұндайды кездестірмеп едім. Мұндай мектептерді неге тексермейді? — дейді ол.

«Солтүстікке барыңдар», «Алматыда парасыз қабылдады»

Талқылауға қатысушылардың бір бөлігі жұмыс іздеген жастарға Астана, Алматы, Қостанай, Көкшетау және солтүстік өңірлерге көшуге кеңес берген.

Павлодар тұрғыны мектепке орналасу үшін пара беру туралы бұрын естімегенін жазса, Қостанайдан пікір білдірген азамат:

— Қостанайда біліміңмен жұмысқа тұрасыңдар. Келіңдер, — деген ұсыныс қалдырған.

Тағы бір педагог Қызылордада өзінен 300 мың теңге сұралғанын, алайда мектепте сағат берілмегенін айтады. Кейін Алматыға көшіп, ешқандай ақша төлемей жұмысқа орналасқанын жеткізген.

Бірқатар пікір иесі мұндай жағдайлар әсіресе еліміздің оңтүстік өңірлерінде жиі кездесетінін алға тартқан. Дегенмен кейбір қолданушылар жұмысқа орналасу қиындығы тек Қызылордаға тән емес, қазір Қазақстанның көптеген өңірінде байқалатынын жазды.

«Бәрін жемқор деуге болмайды»

Талқылауда қарама-қарсы пікір де айтылды. Қазалы ауданындағы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің басшысы екенін жазған Айгүл Тлеумбетова биыл бірнеше маманды еңбек порталы арқылы ашық қабылдағанын мәлімдеді.

— Қарауыл, әлеуметтік педагог және басқа да қызметкерлерді Enbek.kz арқылы жұмысқа алдым. Бәрі заңды, бір тиынсыз. Бір адамнан сұрау немесе дәмету ойыма да кіріп шықпайды. Жалғыз мен емес, осындай басшылар да бар, — дейді ол.

Бір пікір әлеуметтік желідегі шағымдарды тұтас бір өңірдегі барлық мектеп пен басшыға телуге болмайтынын көрсетеді,әрине.

Алайда бір жазбаның астына жиналған ондаған шағым қоғамда жұмысқа қабылдау үдерісіне деген сенімнің әлсірегенін аңғартады. Мұғалімдік, медицина және техникалық қызмет орындары үшін жүздеген мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін ақша сұралады деген әңгімелер құзырлы органдардың назарынан тыс қалмауға тиіс.

Сонымен бірге әлеуметтік желідегі пікірлердің өзі заң бұзылғанын дәлелдейтін ресми айғақ болып саналмайды. Әрбір дерек бойынша нақты мекеме, жауапты тұлға, уақыт пен дәлел анықталып, тиісті тексеру жүргізілуі қажет.

Егер жас маманның білімі мен қабілетінен бұрын оның қалтасына қарайтын жүйе қалыптасса, мұның зардабын бір адамның ғана емес, тұтас білім беру саласының тартары анық. Өйткені парамен келген маманнан балаларға адалдық пен әділеттілікті үйретуді талап ету — қоғамның өзіне қойған ең үлкен қайшылығы.

Дайындаған Әлия БОЛАТҚЫЗЫ.

 

Барлық жаңалықтар