«Қызым жылап тұрса да, мұғалім қысымын тоқтатпаған»: Астанадағы лицейде дау шықты

«Қызым жылап тұрса да, мұғалім қысымын тоқтатпаған»: Астанадағы лицейде дау шықты

Астанада 14 жастағы оқушының анасы мектеп мұғалімін қызына психологиялық қысым көрсетті деп айыптады. Әйелдің айтуынша, сабақ үстінде өзін жайсыз сезінген қызы кейін көпшіліктің алдында өтірікші атанып, ауыр күйзеліске түскен, деп жазады Democrat.kz.

Оқиға елордадағы Экономикалық лицейде болған. Оқушының анасы Мадина Төлеубек Threads желісінде басынан өткен жағдайды көпшілікке жария етті.

Анасының айтуынша, сабақ кезінде 14 жастағы қызының қан қысымы көтеріліп, денесі дірілдей бастаған. Сынып жетекшісі хабар берген соң, әйел жедел жәрдем шақырып, қызын алып кеткен.

Денсаулығының нашарлауына байланысты оқушы химия пәнінен бақылау жұмысын өткізіп алған. Кейін тапсырманы орындағанымен, мұғалім оны бақылау жұмысын әдейі өткізіп жіберді деп айыптаған көрінеді.

«Қызым шынымен ауырғанын түсіндіруге тырысқан. Бірақ мұғалім сенбеген, өтірік айтты деп айыптаған. Қызым жылап жіберген», – дейді анасы.

Әйелдің мәлімдеуінше, мұғалім жылап тұрған оқушыны бейнебақылау камерасы жоқ бөлек бөлмеге апарып, қысым көрсетуді жалғастырған. Артынша көз жасы сабаққа кедергі келтіретінін айтып, тынышталғанша сыныпқа кірмеуін талап еткен.

Анасының сөзінше, осы жағдайдан кейін қызының кеудесі қысылып, құлағы шуылдап, көзі қарауытып кеткен.

Ең сорақысы, әйел мектеп директорынан оқиғаны көрген балалардан жауап алып, бейнежазбаларды тексеруді сұрағанын айтады. Алайда оның мәлімдеуінше, әкімшілік оқушыларды сұрауды қажет деп таппаған, ал химия кабинетінің камералары істемейтін болып шыққан.

«Жүрегімді ең қатты ауыртқаны – Жәмилә мектептен кетуге шешім қабылдады. Балалар куәлік беруге дайын, бірақ қызым оларды қиын жағдайға қалдырғысы келмейді. Өйткені олар сол мектепте оқуы керек», – дейді анасы.

Мадина Төлеубек ешқандай артықшылық талап етпейтінін, тек қызының ар-намысы қорғалып, жағдайдың әділ тексерілгенін қалайтынын жеткізген.

Бұл оқиға маңызды сұрақтарды алға шығарады. Неліктен денсаулығы сыр берген оқушы мұғалімге өзінің ауырғанын дәлелдеуге мәжбүр? Мектеп әкімшілігі шағымды қалай тексерді? Бейнебақылау камераларының істен шығуына кім жауапты?

Оқу-ағарту министрлігі мен Астана қаласының Білім басқармасы аталған жағдайға назар аударып, объективті тексеру жүргізуге тиіс.

Әзірге мұғалім мен мектеп әкімшілігінің ресми түсініктемесі жарияланбаған. Сондықтан анасының мәлімдемесіндегі жайттар тәуелсіз тексеруді қажет етеді.

Барлық жаңалықтар