Мұғалімдерді артық жұмыстан босату туралы бастама көтерілгенімен, сынып жетекшілерінің мойнындағы міндет азаяр емес. Әлеуметтік желіде педагог Айнұр Сабыр Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменоваға ашық үндеу жасап, ұстаздардың еңбегі ескерусіз қалып отырғанын мәлімдеді, деп жазады Democrat.kz.
«Бүгін Президентіміз мұғалімдерді артық жұмыстардан босату туралы нүктесін қойып тұрып айтты ғой. ҚР Оқу-ағарту министрлігі, сынып жетекшілер мұғалім емес пе?» – деп бастады педагог жазбасын.
Айнұр Сабыр сынып жетекшілерінің күнделікті атқаратын жұмысын тізіп шыққан.
Оның айтуынша, олар ай сайын төрт тәрбие сағатын, төрт қауіпсіздік сабағын өткізіп, жол қозғалысы ережелерін үйретеді. Кешкі сағат 20:05-те сабақтан шыққан оқушының үйіне аман жеткені туралы хабар алуға дейін міндеттеледі.
Бұған қоса, «Бала қорғаны», «Балажан» платформаларын толтырып, оқушылардың көңіл күйін белгілейді, ай сайын диагностика жүргізеді. Тоқсан сайын ата-аналар жиналысын ұйымдастырып, түрлі мерекелік іс-шаралардың жоспарын, анықтамасын, фото және бейнеесебін әзірлейді.
Ал сабаққа келмеген, кешіккен немесе тәртіп бұзған оқушылардың ата-аналарымен күн сайын сөйлесу де сынып жетекшісінің мойнында.
«Соған алатын "тиын-тебеніміз" он мыңның аяқ-бұяғы...» – деп ашынады мұғалім.
Педагогтың наразылығын туғызған тағы бір мәселе – сынып жетекшілеріне ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығының жұмысын жүргізу міндетінің жүктелуі.
«Төмендегі суретке назар аударсаңыздар енді сынып жетекшілер әр ай сайын ата-аналарға баласын қалай тәрбиелеу керегін, баласымен қалай сөйлесу керегін үйретіп отыру керек, яғни ата-ананы қоса тәрбиелеп, қоса оқытамыз екен-мыс...», – дейді ол.
Ұстаз осы міндеттердің арасында өзінің негізгі жұмысына уақыт қалмайтынын айтып, орынды сұрақ қояды.
«Сонда деймін-ау, мұғалім-сынып жетекші қашан өз пәнінен сабақ өткізеді?»
«Ең қызығы, осы орталық, ұйым дегеннің бәрі тегін жұмыс істеп отырған жоқ. Ал олардың мектепке ысыра салған жұмысын сынып жетекшілер ТЕП-ТЕГІН атқарады», – деп жазды педагог.
Жазбаның соңында Айнұр Сабыр министр Жұлдыз Сүлейменоваға тікелей сауал жолдады:
«Жұлдыз Сүлейменова ханым! Сынып жетекшілерді қашан естисіз?»
Бұл үндеуді қолдаған пікір білдірушілер де мұғалімдерге шамадан тыс міндет жүктелетінін алға тартты.
«Шын мәнінде бұндай жұмысқа физикалық тұрғыдан адам үлгермейді, тағы да осы жұмысқа қосып білім саласын сұрайды. Енді ойлана беріңіз, мұғалім сабақ береді ме, әлде оқушы мен олардың ата-анасын тәрбиелейді ме?» – деп жазды желі қолданушыларының бірі.
Мәселенің ең өзекті тұсы – сынып жетекшілерінің қосымша міндеттері нақты қанша уақыт алатыны, олардың қайсысы міндетті екені және бұл еңбекке төленетін ақы жүктемеге қаншалықты сәйкес келетіні.
Президенттің мұғалімдерді артық жұмыстан босату туралы тапсырмасы сынып жетекшілеріне де қатысты болуы тиіс емес пе?
Оқу-ағарту министрлігі педагогтердің міндетін қысқартудың орнына жаңа есептер мен қосымша жауапкершіліктерді көбейтіп отырған жоқ па?
Айнұр Сабырдың үндеуі осы сұрақтарға нақты жауап беруді талап етеді.

