Франция әлеуметтік желілерді бұғаттауы мүмкін: жаңа заң жобасында не қарастырылған?

Франция әлеуметтік желілерді бұғаттауы мүмкін: жаңа заң жобасында не қарастырылған?

Франция үкіметі зорлық-зомбылыққа шақыратын және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін материалдарды уақытында жоймаған әлеуметтік желілерді бұғаттау мүмкіндігін қарастыратын түзету ұсынды. Кейбір аса қауіпті жарияланымдарды бір сағат ішінде өшіру талабы қойылуы мүмкін. Алайда бастама әлі заңға айналған жоқ, деп жазады Democrat.kz⁠.

Kazinform агенттігінің Le Figaro басылымына сілтеме жасап хабарлауынша, Франция үкіметі «бұзақылардың жауапкершілігі» туралы заң жобасына жаңа түзету енгізген.

Ұсыныс терроризмге, көтеріліске немесе мемлекетке қарсы қарулы күреске шақыратын материалдарды жою тәртібін күшейтуді көздейді. Егер платформалар осындай контентті бір сағат ішінде өшірмесе, билік олардың жұмысын бұғаттауға немесе іздеу нәтижелерінен алып тастауға бастама көтере алады. Бұл шара алдын ала сот шешімінсіз қолданылуы мүмкін деп көрсетілген.

Ал кісі өлтіруге, зорлық-зомбылыққа, ұрлыққа немесе мүлікті жоюға шақыратын және қоғамдық тәртіпті елеулі түрде бұзуы ықтимал басқа материалдарға 24 сағаттық мерзім ұсынылған.

Түзету интернеттегі заңсыз контентті анықтайтын Pharos мемлекеттік платформасының өкілеттіктерін де кеңейтуді қарастырады.

Бастама 17 қазанда өмір сүру құнының өсуіне қарсы наразылықтар аясында болған жаппай тәртіпсіздіктер мен тонаулардан кейін көтерілген. Франция билігі әлеуметтік желілер кейбір жағдайларда зорлық-зомбылықты үйлестіруге және оның таралуын күшейтуге ықпал етуі мүмкін деп санайды.

Сонымен бірге бұл ұсыныс сөз бостандығы мен Еуропалық одақтың цифрлық қызметтер туралы ережелеріне сәйкестік мәселесін туындатуы мүмкін. Құжат Сенатта қаралып жатыр, сондықтан оның соңғы нұсқасы мен қабылдану мүмкіндігі әлі белгісіз. 

Барлық жаңалықтар