Қазақстанда 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 356,2 мың жеке кәсіпкер қызметін тоқтатты. Алайда Экономика министрлігі бұл көрсеткіштің барлығы бизнестің жабылғанын білдірмейтінін айтады: кәсіпкерлердің бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өткен. Сонымен қатар шағын бизнестен түсетін салық түсімдері де өскен, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстандағы кәсіпкерлік саласының қазіргі жағдайы жаңа Салық кодексінің ықпалына байланысты қайта талқыланып жатыр. Үкімет мәліметіне сәйкес, биыл қаңтар-қыркүйек аралығында 356,2 мың жеке кәсіпкердің тіркеуі тоқтатылған. Былтыр осы кезеңде көрсеткіш 223,6 мың, ал 2024 жылы 277 мың болған.
Экономика және ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин депутаттардың сауалына берген жауабында бұл сандарды жеке қарастыру қажеттігін атап өткен. Оның айтуынша, кәсіпкерлік қызметін тоқтатқан адамдардың арасында бұрыннан табыс таппағандар да, жаңа салық режиміне көшкендер де бар.
Мәселен, тіркеуі тоқтатылған кәсіпкерлердің 73,9 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режиміне ауысқан. Бұл жалпы көрсеткіштің 20,8 пайызына тең. Тағы 151,8 мың кәсіпкердің 2025 жылы табысы болмаған. Ал 30,1 мың кәсіпкер жаңа салық талаптарына байланысты қызметін жалғастыруда қиындықтарға тап болған.
Сонымен бірге биыл тоғыз айда 242,3 мың жаңа жеке кәсіпкер тіркелген. Демек, тіркеуден шыққан кәсіпкерлердің барлығын бизнестен толық кеткендер деп есептеуге болмайды.
Шағын және орта бизнестің салық түсімдері де назар аудартады. 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында бұл көрсеткіш 7,58 триллион теңгеге жетіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 17,5 пайызға өскен. Ал шағын кәсіпкерліктен түскен салық 27,1 пайызға артқан.
Министрлік жаңа салық жүйесінің нақты әсерін толық бағалау үшін 2026 жылдың қорытындысын күту қажеттігін мәлімдеді.