"Төрт күндік оқу жүйесі енгізілсін!": Ата-аналар желіде осындай бастама көтерді

"Төрт күндік оқу жүйесі енгізілсін!": Ата-аналар желіде осындай бастама көтерді

Қазақстан мектептерінде төрт күндік оқу аптасын енгізу туралы ұсыныс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбір ата-аналар бастаманы қолдаса, мұғалімдер мен өзге ата-аналар оның балаларға түсетін жүктемені еселеп арттыруы мүмкін екенін айтып, наразылық білдірді, деп жазады Democrat.kz.

Әлеуметтік желіде төрт күндік оқу аптасына көшу туралы ұсыныс жарияланды. Бастама авторы оқушылар дүйсенбіден бейсенбіге дейін сабақ оқып, жұма күнін үйірмелерге, спорт секцияларына және ғылыми жобаларға арнауды ұсынған.

Алайда бұл идея көпшіліктің қарсылығына тап болды.

«Жеті сабақ, екі ауысым. Екінші ауысым 19:45-те аяқталады. Енді сол сабақтарды төрт күнге бөлсек, күніне 8–9 сабақтан шығады. Екінші ауысым түнгі 22:00-де аяқталатын болды ғой. Балаларды да, мұғалімдерді де аясаңыздаршы!» – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікір иесі мұндай өзгерістен кейін ұстаздар мен оқушылардың мектепте күні бойы отыруға мәжбүр болатынын айтып, ұсынысты сынады.

«Таңғы 7:30-да үйден шығып, кешкі сегізден кейін ораламыз. Енді төрт күн бойы мектепте өмір сүретін болдық па? Онда үш күндік демалыстың кімге керегі бар?» – дейді тағы бір қолданушы.

Бастамаға қарсы пікір білдіргендер жұмыс істейтін ата-аналардың жағдайын да көтерді. Олардың айтуынша, бес күн жұмыс істейтін ата-аналар үшін жұма күні балалардың қайда, кімнің бақылауында болатыны да маңызды мәселе.

Ал кейбір қолданушылар оқу күнін қысқартқаннан гөрі мектеп бағдарламасын қайта қарауды ұсынады.

«Одан да сапалы білім беруді қолға алайық. Қажетсіз арнайы курстар мен артық сабақтарды қысқарту керек. Балалар кейде күніне 7–8 сабақ оқиды. Спортты да аптаның бір күніне жинамай, біркелкі бөлген дұрыс», – деп жазды пікір иелерінің бірі.

Тағы бір қолданушы мектепті мүлде ерікті етуді ұсынып, білім жүйесіндегі толассыз өзгерістерді әжуалаған.

Дегенмен төрт күндік оқу аптасын қолдайтындар да бар. Олар сабақ кестесін дұрыс ұйымдастырып, артық пәндік жүктемені азайтса, балалардың демалысы мен шығармашылық дамуына көбірек уақыт бөлінетінін айтады.

Айта кетейік, бұл әзірге әлеуметтік желіде көтерілген жеке бастама ғана. Қазақстанда мектептерді жаппай төрт күндік оқу аптасына көшіру туралы ресми шешім қабылданған жоқ.

Бүгінде еліміздің мектептерінде бес күндік және алты күндік оқу аптасы қарастырылған. Ал төрт күндік форматтың тиімділігі, әсіресе екі ауысыммен жұмыс істейтін мектептер үшін, бөлек зерттеуді қажет етеді.

Мәселенің ең маңызды тұсы да осында. Онсыз да оқу бағдарламасының күрделілігіне, БЖБ мен ТЖБ-ның көптігіне, үй тапсырмалары мен қосымша сабақтарға шағымданып жүрген мұғалімдер мен ата-аналар тағы бір өзгеріске дайын ба?

Баланың мектепке баратын күнін қысқарту оның оқу жүктемесі де азаяды деген сөз емес.

Ендеше, білім сапасын көтерудің жолы оқу аптасын қысқартуда ма, әлде оқушыны қажытқан артық жүктемеден арылтуда ма?

 

Барлық жаңалықтар