275 қазақстандық қаржы пирамидасына алданып қалған: шығын 217 миллион теңгеге жетті

275 қазақстандық қаржы пирамидасына алданып қалған: шығын 217 миллион теңгеге жетті

Алматыда жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға көмектесеміз деген уәдемен азаматтардың ақшасын жинаған R.O.I. ұйымына қатысты тергеу жүріп жатыр. Тергеу дерегіне сәйкес, 275 адам 217 миллион теңге шығынға ұшыраған, ал ұйымды басқарды деген күдікті екі айға қамауға алынған, деп жазады Democrat.kz⁠.

Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті R.O.I. ұйымына қатысты қаржы пирамидасын құру және басқару белгілері бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Агенттік мәліметінше, ұйым өзін тұтыну кооперативі ретінде таныстырып, азаматтарға жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алуға қатысу мүмкіндігін ұсынған. Қатысушылармен үлес жинақтау жөнінде келісімдер жасалып, олардан ақшалай жарналар қабылданған.

Алайда тергеу нұсқасы бойынша, жаңа қатысушылардан түскен қаражат бұрын кірген адамдар алдындағы міндеттемелерді орындауға жұмсалған. Яғни төлемдер тұрақты табыс әкелетін нақты кәсіпкерлік қызметтен емес, кейін қосылған адамдардың ақшасынан жасалған деген күдік бар.

Тергеушілер ұйымнан 94 миллион теңге аффилиирленген тұлғалардың шоттарына аударылғанын анықтаған. Бұл операциялар консультациялық қызметтерге ақы төлеу ретінде рәсімделгені хабарланды.

2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда тағы алты тұтыну кооперативі құрылған. Агенттік мәліметіне сәйкес, олар негізгі ұйымның басшылығымен байланысты болған және ақша ағындарын басқа арналарға бағыттау үшін пайдаланылған деген күдік бар.

Қазіргі уақытта күдікті екі айға қамауға алынған. Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынған.

Тергеу жалғасып жатыр. Күдіктінің кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен ғана анықталады. 

Барлық жаңалықтар