Динара Сәтжанның күйеуінің миллиардтары жұртты таңғалдырды: Жұмекең мұнша байлыққа қалай ие болды?

Динара Сәтжанның күйеуінің миллиардтары жұртты таңғалдырды: Жұмекең мұнша байлыққа қалай ие болды?

Жүргізушінің құлағынан шерткен әрекетімен ел талқысына түскен Динара Сәтжанның жұбайы Жұмабек Жанықұловтың бизнесіне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Кәсіпкердің металлургия, мұнай-газ, химия өнеркәсібі мен медицина саласындағы активтері және компанияларының миллиардтаған теңге айналымына қатысты деректер көпшіліктің назарын аударды, деп жазады Democrat.kz.

Shishkin_like зерттеу жобасы кәсіпкер Жұмабек Жанықұловтың іскерлік байланыстары мен компанияларына арналған көлемді зерттеу жариялады.

Зерттеуде кәсіпкердің Тараз металлургиялық зауыты, Теміртау электрометаллургиялық комбинаты, Karazhal Operating, Global Chemicals Company, Saryopan Operating және басқа да кәсіпорындармен байланысы көрсетілген.

Жарияланған мәліметке сәйкес, Тараз металлургиялық зауыты 2015 жылдан бері 16,5 млрд теңге, ал Теміртау электрометаллургиялық комбинаты 15,7 млрд теңге салық және өзге де міндетті төлемдер аударған. Saryopan Operating компаниясы бойынша бұл көрсеткіш 1,8 млрд теңге деп берілген.

Сондай-ақ зерттеу авторлары Теміртау электрометаллургиялық комбинатының 1,3 млрд теңгеге жуық атқарушылық іс жүргізу берешегі бар екенін алға тартты. Бұл мәліметтің қазіргі мәртебесі бөлек тексеруді қажет етеді.

Жұмабек Жанықұловтың есімі бұған дейін де Forbes Kazakhstan басылымында аталған. Ол 2022 жылы Қазақстанның ең ықпалды 50 кәсіпкері рейтингінде 46-орын алған.

Кәсіпкердің ауқымды бизнесі жария болғаннан кейін әлеуметтік желіде оның танымал тележүргізуші Динара Сәтжанмен отбасын құруына қатысты да түрлі пікір айтылды. Кейбір қолданушылар кәсіпкердің бұрынғы іскерлік байланыстарын еске салған. Алайда мұндай жорамалдарды расталған дерек ретінде қабылдауға негіз жоқ.

Бұл жерде бір маңызды жайт бар: зерттеуде келтірілген миллиардтаған теңге компаниялардың салықтары мен міндетті аударымдарына қатысты. Оларды кәсіпкердің жеке табысы немесе байлығы деп көрсету дұрыс емес.

Дегенмен аты көпшілікке соңғы даудан кейін кеңінен таныла түскен кәсіпкердің осыншама өндірістік активпен байланысы болуы қоғам назарын аудармай қоймады.

Жұртты енді оның отбасылық өмірі ғана емес, ірі кәсіпорындардағы үлесі мен бизнесінің нақты ауқымы да қызықтырып отыр.

 

Барлық жаңалықтар