Бастауыш сынып мұғалімінің әлеуметтік желідегі мәлімдемесі қызу айтыс туғызды. Бірі ұстаздың әділдігін қолдаса, енді бірі оның әрекетін баланың ынтасын түсіру деп бағалады. Пікірталас ақыры мектептегі бағалау жүйесінің ең күрделі мәселелерінің бірін ашып берді, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде бастауыш сынып мұғалімінің жазбасы жұртты екіге бөлді.
«Мен халық жауымын! Барлық сабағы «5» болып, тек бір сабағы «4» болған оқушыға өтірік «5» қоймадым. Әділ болғаным дұрыс деп санадым», – деп жазды педагог.
Мұғалімнің бұл ұстанымына қарсы шыққандар аз болмады. Кейбірі бір ғана пәннен төмен баға алған оқушының көңіліне қарап, ынталандыру үшін жоғары баға қоюға болатынын айтты.
«Бұрыннан 4 оқып жүрген оқушыға 4 қоя салуға болады. Ал бұрын жақсы оқып, қазір оқымай кеткен балаға 5 қоя салу керек шығар», – деген пікір де жарияланды.
Тағы бір қолданушы бір пәннен төрт алғаны үшін баланың оқуға деген ынтасы төмендеп кеткенін жазды.
Ал мұғалімнің шешімін қолдағандар мүлде басқа уәж келтірді.
«5 оқитындарға өтірік баға көтеріп бергендерді жек көремін. Сыныптастарым болатын, шын мәнінде оқымайтын кейбір сабақтарын, мысалы география, математика, анау, мынау сабақты, олардың реальный деңгейі 3 еді. Жоқ, олар 5-ке оқитындар көтеріңдер деп солардың бағасын көтеретін», – деп жазды бұрынғы оқушылардың бірі.
Пікірталасқа қосылған тағы бір бастауыш сынып мұғалімі бағалау жүйесіндегі өзге қайшылықты алға тартты.
«8 пәннен баға қоямын. 1 пәннен 4 болыпты, бәлкім шатасқан болар. Формативтік бағалау кезінде үнемі 10 балл дегенді аямай қоямын. Бірақ АБ кезінде қателесіп кетіпті, онда тұрған не бар? Бала ғой қателеседі. Робот емес», – деді ол.
Педагогтің айтуынша, тоқсан бойғы еңбегі бір бағалау жұмысының нәтижесіне тәуелді болып қалса, бұл да әділдікке қатысты сұрақ туғызады.
Мәселенің түйіні осында.
Мұғалім оқушының білімін бағалауға тиіс пе, әлде оның көңіл күйі мен ата-анасының үмітін де ескеруі керек пе?
Бір балаға аяушылықпен бес қойылса, сол бағаны адал еңбегімен алған екінші оқушыға әділетсіздік жасалмай ма?
Екінші жағынан, тоқсан бойы жақсы нәтиже көрсеткен баланың бір ғана қателігі оның жалпы жетістігін жоққа шығармауға тиіс. Сондықтан қорытынды баға қолданыстағы бағалау тәртібіне, нақты балдарға және белгіленген өлшемдерге сүйеніп қойылуы қажет.
Бұл дау мектептегі бұрыннан келе жатқан тағы бір мәселені көрсетті: оқушылардың білімін әділ бағалау мен олардың психологиялық ынтасын сақтау арасындағы тепе-теңдік әлі де талқылауды қажет етеді.
Ең қауіптісі – мұғалімнің шынайы баға қойғаны үшін ақталуға, ал оқушының өз білім деңгейін білудің орнына жоғары баға талап етуге мәжбүр болуы.
Егер мектепте басты мақсат білім емес, күнделіктегі бестік болып кетсе, онда біз кімнің көңілін алдап жүрміз: баланың ба, ата-ананың ба, әлде өзіміздің бе?
