Сәби өлі ме, тірі ме? Дәрігерлер "өлді" деген сәбидің денесін шешесіне көрсетпегені қалай?

Сәби өлі ме, тірі ме? Дәрігерлер "өлді" деген сәбидің денесін шешесіне көрсетпегені қалай?

Адам денсаулығы – ақ халатты абзал жандардың қолында (ма?) Өткен жолы осындай тақырыппен ақ халатты жандарға араша түсейінші деп, Жетісу облысы Жаркент қаласындағы медицина қызметкерлерінің жан айқайын жазған едім. Ол мәселені тексеріп, бағалап, әділеттік орнатудың орнына үндеу жасаған 150 медқызметкерлеріне қысым көрсетіліп, «жаңылысқандарын» дәлелдеуде...

Бүгін босандыру үйінде сәбиінен айрылған жас ана туралы оқиға

Жүктілігінің 33-аптасында толғақ қысып, 2025 жылдың 5 наурызында Қазалы аудандық ауруханасына жеткізіледі. Сол ауруханада сәбиінен де, денсаулығынан да айрылған Салтанат – Қызылорда облысы, Тасарық ауылының тұрғыны.

Оны қабылдағандар – дәрігер Егізбаева Айгүл мен Кутекеева Сәуле. Босандыру үйінде "Шұғыл кесарь тілімі қажет" деген шешіммен отаның астына түскен келіншек реанимацияда есін жиған.

Бірақ дәрігерлер “сәби шетінеп кетті” деген суық хабарды жеткізген. Алайда Салтанат сәбиінің туылар сәтінде жүрегі соғып жатқанын, қозғалып жатқанын көрген. Оның айтуынша, бала тірі туған. Ана жүрегі баланың өлгеніне сенбейді. Ана үшін ең ауыр нәрсе – сәбиінен айырылу. Ал егер ол шын мәнінде тірі туылып, кейін не болғаны күдік тудырса, бұдан артық соққы бар ма?!

Баланың денесін енесіне көрсеткен, енесі де жақын адам, әрине, бірақ анасына неге көрсетпеген? Егер бала өлі туса немесе шетінеп кетсе, оның денесін ата-анасының көруге құқығы бар.

Медициналық тараптан баласының денесін көрсетпеу:

• Медициналық этиканы бұзу;

• Ана құқығын таптау;

• Баланың жүрек соғысын тіркеген кардиомонитор жазбалары.

• Өлім туралы ресми анықтама (перинаталдық өлімнің себебі көрсетілуі тиіс).

Әрине, Салтанат-Анаға баласын көрсетіп, осындай құжаттар таныстырылмаған соң, Ана жүрегінде күдік тудырған. Ал бұл жай ғана күдік пе? Ананың жүрегін жаралаған, бүкіл алдағы өміріне жасалған психологиялық соққы.

Егер бәрі өз уақытында медициналық тәртіпке сай өткен болса, эксгумация мен ДНҚ сараптамасы да айтылмас еді.

Жан-жақтан қысым көріп отырған Салтанат ендігі шындық үшін әрекеттерге төтеп бере ала ма?!

Қазалыда 5 күн бойы жағдайы ауыр бола тұра, оны облыс орталығына ауыстыруға мүмкіндік берілмеген. Тек 10 наурызда жатқан кереуетіне сыймай ісіп кеткен Салтанатты Қызылордаға жеткізеді. Диагноз – іш құрылыстағы ірің, инфекция салдарынан жатырды толық алып тастаған. Яғни, бұл әйел енді ана болу бақытынан мәңгілікке айырылды.

Бұл аздай, отадан кейін Салтанаттың көзі көруден қалып, көру қабілетінің 70%-нан айырылған. Осы уақытқа дейін Салтанат көз дәрігеріне шағымданып, көзілдірік тағып көрмеген. Амбулаторлық картасынан да көруге болады. Қан қысымы көтеріліп, доптай болып ісіп, дәрігерлер мен қызметкерлерден жылы сөз де естімеген, ауыр халде болған келіншек үйдегі балапандарымның көз жасы жібермеген шығар дейді даусы дірілдеп.

Көп балалы аналар әрдайым мемлекет қамқорлығында деп биік мінберлерден жиі айтылады. Салтанат – сол көп балалы аналардың бірі. Мынадай жағдайда бірде бір қамқорлықты байқадыңыздар ма? Наурыз айынан бері Әйелдер мен балаларға арналған оңалту бағдарламасы бар бірде бір ұйым қол ұшын созбаған.

Бұл – Қазақстан жүйесі.

Медицина қызметкерлері тарапынан болған мұндай қатігездікке, өз мамандығына деген бейқамдығына үндемей қала беруге болмайды. Аналардың шыдамдығы мен ұяңдығы, дәрігерге сенгені — аналардың ар-намысы мен денсаулығының қорғалмауына әкеліп отыр.

Салтанат жан-жақты қысым көруде, дәрігерлерден, туған туыс, ата-енеден де. "Неге жарияладың? Неге шағымдандың?" деген суық сөздер Салтанаттың жан жарасын тереңдете түсуде.

Салтанат батылы жетіп, сотқа жеткізе алмаған күнде де билік те, жүйе де бейғамдық танытпай, Салтанатқа психологиялық көмек көрсетіп, саяжайда балаларымен демалтып, одан басқа да қаражаттай моральдық, физикалық шығын төлеу керек.

Ал бала мен ана өміріне салғырттық танытқан дәрігерлер қызметінен шеттетіліп, тиісті жазаларын алу керек деп ойлаймын.

Жалғыз Салтанат емес. Бұл оқиғадан екі ай бұрын, дәл сол ауруханада Жандос есімді азаматтың келіншегі Айзат

( Қаймақбаева Айзат, 14.02.1989 ж. туған.

Қайтқан күні 04.10.2024) босанып жатып, қайтыс болған. Артында төрт бала қалды. Тағы да сол Қазалы ауруханасы. Тағы да ана өлімі. Үндемейтіндер қаншама

Мемлекет үшін Ана мен баланың амандығынан қымбат не бар?

Құрметпен, мұғалім

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері

Ақмарал Шатемірқызы 

 

Барлық жаңалықтар