Ерлан Қариннің Қазақстанның вице-президенті болып тағайындалуы – кезекті кадрлық ауыс-түйіс қана емес. Жаңа Конституция бойынша дәл осы адам Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда мемлекет басшысының өкілеттігін бірінші болып қабылдайды. Ең қызығы – Қазақстандағы билік транзитін бірнеше айдан бері бақылап жүрген шетелдік сарапшылар Қариннің атын осы қызметке ол тағайындалмай тұрып-ақ атаған. Ендігі сұрақ басқа: Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ықтимал мұрагерін анықтап қойды ма?
31 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев Ерлан Қариннің кандидатурасын Қазақстанның жаңадан құрылған вице-президенті лауазымына ұсынды. Құрылтайдағы 145 депутаттың 141-і оны қолдап, төрт депутат қалыс қалды. Кейін Мемлекет басшысы Қаринді вице-президент етіп тағайындау туралы жарлыққа қол қойды.
Бір қарағанда, бұл – жаңа Конституциядан кейінгі мемлекеттік аппаратты қайта жасақтаудың қалыпты кезеңі. Бірақ мәселенің саяси астары әлдеқайда терең, деп жазады
Democrat.kz.
Өйткені бүгінге дейін Ерлан Қарин Тоқаевтың ең сенімді саяси стратегтерінің бірі саналса, енді оның мәртебесі Конституциямен бекітілген мемлекеттегі екінші тұлға деңгейіне көтерілді.
Тіпті Reuters Қарин тағайындалған күні-ақ бұл шешімді өте анық сипаттады: жаңа қызмет Ерлан Қаринді Қазақстан президенттігін мұрагерлік тәртібі бойынша қабылдайтын бірінші тұлғаға айналдырды. Халықаралық агенттік Қариннің 2019 жылдан бері Тоқаевтың ең жақын кеңесшілерінің бірі болғанына және «Жаңа Қазақстан» идеясын қалыптастыру мен насихаттауда негізгі рөл атқарғанына назар аударды.
Al Jazeera да осы тұжырымды қайталады: Қарин енді Президенттен кейін билікті қабылдайтын бірінші адам.
Бұл жерде бір маңызды айырмашылық бар. Қарин әзірге «келесі сайлауда міндетті түрде Президент болатын адам» емес. Бірақ ол Конституция бойынша Президент өкілеттігіне ең жақын тұрған саясаткерге айналды.
Шетелдік сарапшылар Қаринді бірнеше ай бұрын-ақ атаған
Ерлан Қариннің ықтимал мұрагер екені туралы әңгіменің ең қызық тұсы – бұл болжам оның 31 тамыздағы тағайындауынан кейін ғана пайда болған жоқ.
Польшадағы беделді Centre for Eastern Studies (OSW) сарапшысы Дарья Зелиньска 18 наурызда, яғни жаңа вице-президенттің кім болатыны әлі белгісіз кезде Қазақстандағы конституциялық өзгерістерге үлкен талдау жариялаған.
Сарапшы жаңа вице-президент институтын ең алдымен билік транзиті мәселесімен байланыстырды.
Оның болжамынша, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл қызметке өз саясатын жалғастыра алатын, өзіне барынша жақын адамды қоюға мүдделі болады. Ал сол кездегі кандидаттардың арасында Ерлан Қарин «ең ықтимал тұлға» ретінде аталды.
OSW Қариннің Тоқаевпен 2019 жылдан бері жұмыс істейтінін, конституциялық реформаны әзірлеуге тікелей қатысқанын және Мемлекеттік кеңесші ретінде ішкі саясаттағы аса маңызды бағыттарды үйлестіргенін атап өткен.
Ең бастысы – Зелиньсканың наурыздағы мына логикасы:
вице-президент Президенттен кейінгі ресми мұрагер болатындықтан, бұл қызметті иеленген саясаткерді болашақ Президент ретінде дайындау ықтималдығы жоғары.
Бес ай өткен соң сол орынға Ерлан Қарин отырды.
Бұл жайттың өзі шетелдік сарапшылардың бұрынғы болжамдарына енді мүлде басқа салмақ береді.
Брюс Панниер де «вице-президент – таңдалған мұрагер болуы мүмкін» деген
Орталық Азияны ондаған жыл зерттеп келе жатқан америкалық сарапшы Брюс Панниер де Конституция референдумына дейін-ақ дәл осы мәселеге назар аударған.
12 наурызда bne IntelliNews басылымына жазған талдауында Панниер жаңа Конституцияда вице-президенттің Президент қызметін атқара алмай қалған жағдайда билікті бірінші қабылдайтынын атап өтті.
Содан кейін ол Қазақстанда тараған негізгі саяси болжамды былай түйіндеді: Тоқаев жаңа вице-президентті тағайындау арқылы өзінің таңдаған мұрагерін көрсетуі мүмкін.
Ол уақытта кандидаттың аты белгісіз болатын. Енді белгілі. Ерлан Қарин. Сондықтан Панниердің наурыздағы болжамын бүгінгі шешіммен қатар қойсақ, Қариннің тағайындалуын қарапайым әкімшілік тағайындау ретінде қабылдау барған сайын қиындай түседі.
Carnegie: вице-президенттік – мұрагерді сынайтын орын болуы мүмкін
Вашингтондағы Carnegie Endowment for International Peace алаңында жарияланған талдауларда да осы сценарий бірнеше рет көтерілген.
Carnegie Politika-да жарияланған сараптамасында әлеуметтанушы Серік Бейсембаев жаңа Конституцияны алдағы билік транзитіне дайындық тұрғысынан қарастырады.
Оның пікірінше, авторитарлық саяси жүйелер үшін мемлекет басшысының ауысуы элита арасында әрдайым белгісіздік туғызады. Қазақстан элитасы Назарбаевтан Тоқаевқа билік ауысқан кезде мұндай кезеңнің қаншалықты қауіпті екенін көрді.
Сондықтан жаңа вице-президент лауазымы ықтимал мұрагерлерді сынауға арналған саяси механизмге айналуы мүмкін.
Ол кезде ықтимал кандидат ретінде тағы да Ерлан Қарин аталған. Бұл жерде Қариннің бір ерекшелігі бар. Ол президенттікке аяқ астынан келген адам емес.
Оның соңғы жылдардағы мансабын ретімен қарасақ:
Президент кеңесшісі → Президент көмекшісі → Мемлекеттік хатшы → Мемлекеттік кеңесші → Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары → Вице-президент.
Яғни Тоқаев билігінің бүкіл кезеңінде Қарин саяси орталықтан алыстаған емес. Керісінше, Президентке барған сайын жақындай түскен.
Chatham House: мәселе тек мұрагерде емес, Тоқаевтың кейінгі рөлінде
Британдық беделді Chatham House сарапшысы Кейт Маллинсон Қазақстанның жаңа Конституциясын талдай отырып, билік транзитінің бірнеше сценарийін ұсынған.
Бірінші нұсқа – Тоқаев 2029 жылдан кейін тағы бір жеті жылдық президенттік мерзімге баруы мүмкін.
Екінші нұсқа – билікті басқа адамға өткізіп, өзі саяси жүйедегі ықпалды позициясын сақтап қалуы ықтимал.
Маллинсонның пікірінше, жаңа конституциялық құрылым Тоқаевқа билік ауысуының бірнеше моделін пайдалануға мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ Ресей мен Қытай үшін Қазақстандағы биліктің сабақтастығы мен тұрақтылығы тиімді екенін атап көрсетеді.
Бұл ой Қариннің тағайындалуын түсінуде маңызды. Өйткені Қазақстандағы транзит мәселесі тек:
«Кім Президент болады?»
деген сұрақтан тұрмайды.
Екінші әрі одан да маңызды сұрақ:
«Тоқаев Президенттіктен кеткеннен кейін саяси жүйеде қандай рөл атқарады?»
Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылы Президенттіктен кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесі, партия және «Елбасы» мәртебесі арқылы биліктің бір бөлігін өзінде сақтап қалуға тырысты.
Бірақ 2022 жылғы Қаңтардан кейін бұл модель толығымен күйреді. Тоқаевтың алдында дәл осы тәжірибе тұр.
Сондықтан қазіргі Президент Назарбаевтың қателігін қайталамауға тырысуы әбден мүмкін.
Темур Умаров: Тоқаев Назарбаевтың транзит кезіндегі қатесін қайталағысы келмейді
Carnegie Russia Eurasia Center сарапшысы, Орталық Азия жөніндегі маман Темур Умаров 2026 жылғы шілдеде Қазақстандағы соңғы саяси өзгерістерді талдай отырып, назар аударарлық қорытынды жасады.
Оның пікірінше, Назарбаев өзінің билік транзитінің схемасын тым ерте және тым анық көрсетіп қойды. Соның нәтижесінде Назарбаевтан кейін билік алған Тоқаев біртіндеп бұрынғы Президент құрған ықпал тетіктерін жойды.
Умаровтың бағалауынша, Тоқаев сол қателікті қайталағысы келмейді. Сондықтан Қазақстандағы жаңа саяси конструкция мұрагер мәселесін ертерек айқындаумен қатар, қазіргі Президентке маневр жасау мүмкіндігін де қалдырады.
Осы тұрғыдан қарағанда Қариннің таңдалуы өте қисынды. Ол – Тоқаевқа қарсы жеке саяси орталық қалыптастырған саясаткер емес. Өзінің үлкен электоралдық партиясы жоқ. Жеке олигархиялық тобы бары байқалмайды.
Белгілі бір облыстың немесе ықпалды экономикалық кланның өкілі ретінде танылған емес. Оның саяси капиталының негізгі бөлігі – аппараттық тәжірибе, идеологиялық жұмыс және Президент сенімі.
Билік транзитін барынша бақылауда өткізгісі келетін Президент үшін дәл осындай тұлға қолайлы болуы мүмкін.
Тағы бір қызық парадокс: Қарин кезінде билік транзитінің өзін зерттеген
Ерлан Қариннің саяси өмірбаянындағы ерекше деректің бірі – оның 2014 жылы Қазақстандағы билік транзитіне арналған «Successor or Succession? Transferring Power in Kazakhstan» атты еңбекті жариялауы.
Яғни он жылдан астам уақыт бұрын өзі Қазақстандағы «мұрагер ме, әлде биліктің институционалдық ауысуы ма?» деген мәселені зерттеген саясаттанушы енді елдің конституциялық мұрагерлік желісіндегі бірінші адам болып отыр.
Бұл, әрине, Қариннің Президент болатынын дәлелдемейді. Бірақ саяси символикасы ерекше. Қариннің Президент болуына кедергі болатын ең үлкен адам – Тоқаевтың өзі
Осындай көптеген белгіге қарамастан, «Ерлан Қарин – Қазақстанның келесі Президенті» деп қазірден кесіп айтуға болмайды.
Себебі 2026 жылғы 7 шілдеде Қазақстанның Конституциялық соты маңызды түсіндірме берді.
Жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бұрынғы Конституция тұсында қызмет атқарған тұлғалар жаңа конституциялық лауазымдарға қайта сайлана немесе тағайындала алады деген құқықтық ұстаным бекітілді. Бұл Тоқаевқа 2029 жылы тағы бір президенттік мерзімге қатысуға құқықтық мүмкіндік берді.
Reuters те Қариннің тағайындалуы туралы бүгінгі хабарында осы мәселеге арнайы тоқталды: Тоқаевтың қазіргі мерзімі 2029 жылы аяқталады, алайда жаңа конституциялық жағдай оған тағы жеті жылдық мерзімге түсу мүмкіндігін қалдырады.
Демек, бүгінгі саяси шахмат тақтасында екі фигура емес, екі сценарий қатар тұр.
Бірінші сценарий: Тоқаев 2029 жылы қайта сайлауға түседі. Онда Қариннің вице-президенттігі ұзақ мерзімді сабақтастықтың кепілі ретінде қала береді.
Екінші сценарий: Тоқаев 2029 жылы Президенттіктен кетеді.
Онда Ерлан Қариннің президенттікке негізгі үміткерлердің біріне айналу ықтималдығы өте жоғары.
Конституция Қаринге қандай мүмкіндік береді?
Мұнда заңның өзі көп нәрсені айтып тұр. Қазақстан Конституциясының 51-бабына сәйкес, Президент өз еркімен қызметінен кетсе, денсаулығына байланысты міндетін атқара алмай қалса, қызметінен шеттетілсе немесе қайтыс болса, оның өкілеттігі бірінші кезекте вице-президентке өтеді.
Вице-президент қабылдай алмаған жағдайда ғана өкілеттік Құрылтай төрағасына, одан кейін Премьер-министрге өтеді.
Демек бүгінгі Қазақстандағы конституциялық кезек мынадай:
Тоқаев → Қарин → Құрылтай төрағасы → Премьер-министр.
Бұл – саяси болжам емес. Бұл – Конституцияда жазылған тәртіп.
Сондықтан Қариннің президенттік мүмкіндігін бұрынғы ықтимал кандидаттармен бір деңгейде қарастыру енді дұрыс емес.
Оның институционалдық позициясы өзгелерден әлдеқайда жоғары.
Бірақ Қариннің осал тұсы да бар
Президенттікке жол тек Ақордадағы кабинеттен тұрмайды. Қариннің негізгі саяси әлсіздігі – оның жалпыұлттық сайлау саясатында әлі сыналмағаны.
Ол үлкен облысты басқарған жоқ. Үкімет басқарған жоқ.
Халықпен тікелей күнделікті экономикалық мәселелер бойынша жұмыс істейтін әкім немесе премьер ретінде танылған жоқ.
Қарин – ең алдымен идеолог, саясаттанушы және аппараттық стратег. Ол билік жүйесін өте жақсы біледі.
Бірақ Қазақстан сайлаушысы оны ел басқаратын тұлға ретінде қабылдай ма – бұл басқа сұрақ.
Әзірге Қариннің ықтимал президенттік кандидат ретіндегі халық арасындағы рейтингін көрсететін сенімді әрі тәуелсіз жалпыұлттық зерттеулер жоқ.
Ал билік транзитінің тағдырын элиталардың келісімі ғана емес, экономикалық жағдай да өзгертуі мүмкін.
Польшаның OSW орталығы да дәл осы тәуекелді атап көрсетеді: егер Қазақстан ауыр экономикалық дағдарысқа тап болса, қоғамдағы наразылық саяси транзиттің алдын ала жасалған кез келген жоспарын бұзуы ықтимал.
2022 жылғы Қаңтар Қазақстандағы билік жоспарларының қағазда бір бөлек, өмірде мүлде басқаша өрбуі мүмкін екенін көрсетті.
Неліктен дәл Қарин?
Егер Қариннің мансабына қарасақ, оның бір ерекшелігі анық көрінеді. Ол – классикалық экономикалық технократ емес. Ол – күштік құрылымның генералы емес. Ол – ірі бизнес өкілі емес. Ол – өңірлік кланға сүйенген әкім де емес.
Қариннің негізгі кәсіби капиталы – саяси жүйені түсіну. Ол саясаттанушы болды.
Стратегиялық зерттеулер институтын басқарды. Президент Әкімшілігінде ішкі саясатпен айналысты. Терроризм мен радикализмді зерттеді.
Мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға араласты. Конституциялық реформаның негізгі тұлғаларының бірі болды.
Сондықтан Қариннің вице-президенттікке келуі арқылы Тоқаев экономисті немесе күштік құрылым өкілін емес, саяси архитекторды таңдады деуге болады.
Бұл деталь өте маңызды.
Өйткені президенттік транзит кезінде ең басты міндет – министрлікті немесе облысты басқару емес, әртүрлі элиталық топтарды бір жүйеде ұстап тұру, Мәскеу, Бейжің, Вашингтон және Брюссельмен қалыптасқан сыртқы саясат балансын бұзбау әрі ел ішіндегі саяси тұрақтылықты сақтау болуы мүмкін.
Сонымен, Тоқаев мұрагерін таңдады ма?
Қазір қолда бар деректерге сүйеніп, ең дәл жауап мынадай: Тоқаев Қаринді ресми түрде өзінің саяси мұрагері деп жариялаған жоқ.
Бірақ: Қаринді Конституциядағы Президенттен кейінгі бірінші қызметке қойды;
Қарин 2019 жылдан бері Тоқаевтың ең жақын саяси командасында;
ол жаңа саяси жүйені құруға тікелей қатысты;
шетелдік сарапшылар оны вице-президенттікке тағайындалмай тұрып-ақ ықтимал мұрагер ретінде атады;
енді ол Конституция бойынша Президент өкілеттігін бірінші қабылдайтын тұлғаға айналды.
Осының бәрін қосқанда, Ерлан Қаринді Қазақстанның ықтимал келесі Президенті деп қарастыруға толық саяси негіз бар.
Тіпті мәселені бұдан да нақты қоюға болады. Бүгінде Қазақстандағы «Тоқаевтан кейін кім?» деген сұраққа ондаған фамилия атаудың бұрынғыдай мәні азайды.
Өйткені жаңа Конституция және 31 тамыздағы шешім сол тізімнің ең басына бір адамды шығарды.
Ол – Ерлан Қарин.
Бірақ президенттікке дейін әлі үш жыл бар. Ал үш жыл – Қазақстан саясатында өте ұзақ уақыт. Тоқаевтың 2029 жылы қайта сайлауға түсуі де мүмкін.
Қариннің саяси салмағы артуы немесе керісінше төмендеуі де мүмкін. Экономикалық ахуал өзгеруі ықтимал. Элиталардың арақатынасы да басқа арнаға бұрылуы мүмкін.
Сондықтан бүгін Қаринді «тағайындалған мұрагер» деуден гөрі, «Конституция мен саяси аппарат логикасы бойынша Тоқаевтан кейінгі ең ықтимал тұлғалардың ішінде бірінші орынға шыққан саясаткер» деу әлдеқайда дәл.
Ал шетелдік сарапшылардың осыдан бес-алты ай бұрын жасаған болжамдарының бірінің – «Ерлан Қарин вице-президент болуы мүмкін» деген жорамалының дәл келуі енді олардың екінші болжамын да өзекті етіп отыр:
Вице-президенттік Қарин үшін Ақордаға апарар соңғы саяси баспалдақ болып шықпай ма?