Маңғыстаулық мектеп бітіруші түлек Үміт Ершеева әлеуметтік желіде "Алтын белгіге" үміткер болғанын, бірақ соны мектеп басшылығы бермегенін айтып, шағымданған еді. Осы мәселеге байланысты аудандық білім бөлімі ресми жауап бергені мәлім болды деп хабарлайды Democrat.kz.
Бұл туралы Үміт Ершеева өзінің Threads парақшасында: "Қайырлы күн! Бүгін Астана қаласындағы Оқу ағарту министірлігіне бардым, іс қозғалды. Құқығым қорғалып, алтын белгіні береміз деген жақсы хабар келді. Ертең Алла қаласа ауылыма қайтамын, алтын белгімді қолыма алғанша қолдауларыңызды аямаңыздар", - деп жазып, хабарлап, аудандық білім бөлімінің хабарламасын жариялады.
Аудандық білім бөлімінің ресми жауабында Үміт Ершееваға тиесілі "Алтын белгісі" берілетіні, мектептегі бағаларына мониторинг жасалғаны айтылыпты. Десек те, ресми мекеменің жазбасындағы көзге бадырайып ұрынған қателік кімді де болса қынжылтары сөзсіз.
Аудандық білім бөліміндегілердің "сәлеметсіз бе" деген сөздің дұрыс жазылу ережесін білмегені ме, "салематсызба" деп соғыпты. Өкінішті, әрине. Алайда кеше ғана мектеп бітірген Үміт қызымыздың үнсіз қалмай, өзіне тиесілі "Алтын белгісін" кері қайтарып алғаны "салематсызба" деп жазатындарды бір сілкіп алғаны қуантты.
