Саммитте жағдайы нашарлаған: Си Цзиньпин туралы ақпарат желіде желдей есті

Саммитте жағдайы нашарлаған: Си Цзиньпин туралы ақпарат желіде желдей есті

Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің Нью-Делиде өткен BRICS саммитінде денсаулығы сыр берді деген ақпарат әлеуметтік желіде тарап жатыр. Бұған Үндістан премьер-министрі Нарендра Модидің сөзін тоқтатып, Сиге екі рет «Бәрі дұрыс па?» деп сұрақ қоюы және Қытай басшысының кешкі салтанатты асқа қатыспауы себеп болған. Алайда «денсаулығы күрт нашарлады» деген ақпаратты растайтын ресми дерек әзірге жоқ деп жазады Democrat.kz.

12 қыркүйекте Нью-Делиде өткен XVIII BRICS саммитінің алғашқы отырысында Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди сөйлеп тұрған кезде сөзін уақытша тоқтатып, Си Цзиньпин отырған жаққа бұрылған. Желіде тараған бейнежазбада Модидің аудармашы арқылы екі рет «Is it okay?» деп сұрағаны көрінеді. Осы сәтте Қытай делегациясының қызметкерлерінің бірі Си Цзиньпинге жақындаған.

Осы бірнеше секундтық көріністен кейін әлеуметтік желі мен бірқатар шетелдік БАҚ Си Цзиньпин өзін жайсыз сезінген болуы мүмкін деген болжам тарата бастады. Алайда кадрдың өзінен оқиғаның нақты себебін анықтау мүмкін емес. Қытай немесе Үндістан билігі бұл эпизодты Сидің денсаулығымен байланыстырған ресми түсініктеме жарияламады. Кейбір жарияланымдар мәселе аударма немесе техникалық жабдыққа қатысты болуы да мүмкін екенін атап өтеді.

Күдікті күшейткен тағы бір жағдай – Си Цзиньпиннің сол кеште Нарендра Моди ұйымдастырған BRICS көшбасшыларына арналған гала-кешкі асқа қатыспауы. Үндістандық БАҚ бұл фактіні хабарлағанымен, Қытай басшысының кешкі асқа не себепті бармағаны ресми түрде түсіндірілген жоқ. Сондықтан оның келмеуін денсаулығының нашарлауымен тікелей байланыстыруға дәлел жеткіліксіз. 

Саммит жұмысын жалғастырған

Ресми мәліметтер Си Цзиньпиннің саммит бағдарламасын келесі күні де жалғастырғанын көрсетеді.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 12 қыркүйекте Си Цзиньпин BRICS саммитінің бірінші сессиясына қатысып, сөз сөйлеген. Сол күні ол Нарендра Модимен жеке келіссөз өткізген. 

13 қыркүйек таңертең Қытай басшысы саммиттің екінші сессиясына қатысып, тағы бір көлемді баяндама жасаған және өзге мемлекет басшыларымен бірге суретке түскен. Бұл шаралар туралы Қытай СІМ мен «Синьхуа» ресми фотолар мен мәтіндерді жариялады. 

Reuters те 13 қыркүйектегі саммит туралы материалында Си Цзиньпиннің BRICS елдеріне экономикалық және технологиялық ынтымақтастықты кеңейту жөнінде ұсыныстар жасағанын хабарлады. Агенттік оның денсаулығына байланысты саммит жұмысын тоқтатқаны немесе медициналық көмек алғаны туралы ақпарат берген жоқ. 

Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми ақпараты бойынша, Си Цзиньпин 13 қыркүйек кешінде сапарын аяқтап, Бейжіңге оралған

Оның халықаралық кестесі де әзірге өзгермеген. Reuters 15 қыркүйекте Си Цзиньпиннің АҚШ-қа жоспарланған сапары аясында 24 қыркүйекте Вашингтонда өтетін мемлекеттік кешкі асқа дайындық жүріп жатқанын хабарлады. Бұл алдағы жоспардың бар екенін көрсетеді, бірақ өздігінен оның денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытынды болып саналмайды. 

Нақты не белгілі?

Қазіргі уақытта сенімді деректерден мынаны ғана айтуға болады: BRICS отырысында Моди Си Цзиньпинге қарап, екі рет жағдайын сұраған; делегация қызметкері оның жанына келген; Қытай басшысы сол кештегі гала-асқа қатыспаған. Бірақ Си Цзиньпиннің денсаулығы «күрт нашарлады» деген мәліметті Қытай билігі, Үндістан үкіметі немесе халықаралық ірі ақпарат агенттіктері растаған жоқ.

Керісінше, ол келесі күні BRICS саммитінің екінші отырысына қатысып, баяндама жасаған. Сондықтан әлеуметтік желіде тараған видеоны Си Цзиньпиннің нақты қандай да бір ауруына дәлел ретінде көрсетуге әзірге негіз жоқ. 

Барлық жаңалықтар