Сау мұғалімді жындыханаға "тыққан": Алматылық мұғалімнің оқиғасы жаға ұстатты

Сау мұғалімді жындыханаға "тыққан": Алматылық мұғалімнің оқиғасы жаға ұстатты

Алматы қаласындағы №73 мектептің бұрынғы тарих пәні мұғалімі Теңдік Нәлібаев бірнеше жылдан бері өзіне қатысты қабылданған шешімдердің әділетсіз болғанын айтады. Оның сөзінше, мектеп әкімшілігімен болған жанжалдан кейін ол психиатриялық сараптамадан өткізіліп, кейін мәжбүрлі емдеуге жіберілген деп жазады Democrat.kz.  сайты Orda.kz.-ке сілтеме жасап.

 Ал мектеп тарапы мен олардың адвокаты бұл шешімдердің барлығы заң аясында және сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес қабылданғанын айтады.

Ұсталу, сараптама және аурухана

Теңдік Нәлібаевтың айтуынша, сот процесі кезінде оған алдымен амбулаториялық, кейін стационарлық психиатриялық сараптама тағайындалған.

Оның сөзінше, 2018 жылдың наурыз айында полиция қызметкерлері оны дүкен маңында ұстап, кейін психиатриялық мекемеге жеткізген. Ер адам бұл сәтті ұлы видеоға түсіріп алғанын айтады.
Нәлібаевтың мәлімдеуінше, біраз уақыттан кейін психиатриялық ауруханада дәрігерлердің бірімен болған келіспеушіліктен соң мекеме қызметкерлері оған күш қолданған. Ол көзінің айналасындағы көгерген іздердің суреттерін де көрсеткен.

«Қазір жұмысқа да тұра алмаймын»

Бұрынғы мұғалімнің айтуынша, психиатриялық қорытындыдан кейін ол мектептегі жұмысынан айырылып, кейін соттың шешімімен мәжбүрлі ем қабылдаған.

Ол бірнеше жыл бойы психиатриялық ауруханада болғанын, кейін амбулаториялық бақылауға ауыстырылғанын айтады.

«Сол уақыттан бері жұмысқа орналаса алмай жүрмін. Тіпті жүк тасушы болып та алмайды. Жұмыс берушілер психиатриялық есепте тұрғанымды көрсе болды, бірден бас тартады. Отбасымды жалғыз әйелім асырап отыр. Мен тек қалыпты өмір сүріп, жұмыс істегім келеді», – дейді Теңдік Нәлібаев.

«Бұрынғы және қазіргі өмірім»

Ер адам өз сөзін дәлелдеу үшін әр жылдары түсірілген фотосуреттерін көрсетті.

Фото Orda.kz.

Оның айтуынша, алғашқы суреттерде ол мектепте жұмыс істеп жүрген уақыттағы бейнесі болса, кейінгі фотолар мәжбүрлі емдеу кезеңінен кейін түсірілген.
Нәлібаев бірнеше жылдан бері өзінің кінәсіз екенін дәлелдеуге және әділдікке қол жеткізуге тырысып жүргенін айтады.

Мектеп тарапы не дейді?

Алайда бұл оқиғаға қатысты екінші тараптың да өз уәжі бар.

Мектеп директорының адвокаты Әлия Амзинаның айтуынша, Теңдік Нәлібаев пен мектеп әкімшілігі арасындағы жанжал жұмыстан шығарудан әлдеқайда бұрын басталған.

Адвокаттың сөзінше, бірнеше жыл бойы түрлі мемлекеттік органдарға көптеген шағымдар түсіп отырған.

«Оның арыздары бойынша көптеген тексерулер жүргізілді. Әртүрлі мемлекеттік органдар қарады. Алайда ол айтқан айыптаулардың ешқайсысы расталған жоқ», – дейді адвокат.
Сондай-ақ оның айтуынша, сот процесі кезінде ата-аналар мен мектеп қызметкерлерінен жауап алынған және олардың бір бөлігі мұғалімнің жұмысына теріс баға берген.

Сараптама қорытындысы

Әлия Амзинаның мәлімдеуінше, соттың кейінгі шешімдеріне сот-психиатриялық сараптаманың нәтижелері негіз болған.

Адвокаттың сөзінше, стационарлық кешенді психологиялық-психиатриялық сараптама Теңдік Нәлібаевта параноидтық тұлғалық бұзылыс белгілері бар деген қорытынды жасаған.

Сонымен қатар сарапшылар ауру белгілері ұзақ уақыт бойы байқалған деген тұжырымға келген.

Даулы оқиға әлі аяқталған жоқ

Қазіргі уақытта Теңдік Нәлібаев тағы бір психиатриялық тексеруден өтуі тиіс.

Оның айтуынша, басты мақсаты – психиатриялық есептен шығу, тәуелсіз сараптамадан өту және өзін «қауіпті» немесе «ауру» адам ретінде көрсететін мәртебеден арылу.

Бұл оқиғада екі тараптың да ұстанымы бір-біріне қарама-қайшы. Бірі өзін әділетсіз қудалаудың құрбаны санаса, екінші тарап сот шешімдері мен сараптама қорытындыларының заңды болғанын алға тартады. Сондықтан түпкілікті бағаны құзырлы органдар мен тәуелсіз сарапшылар ғана бере алады.
Democrat.kz редакциясы бұл мәселеге қатысты қосымша құжаттар мен ресми түсініктемелер жарияланған жағдайда материалды толықтыруға дайын.

Барлық жаңалықтар