Сауд монархиясы радикалды исламизм жынын бөтелкеден қалай босатып жіберді?

Сауд монархиясы радикалды исламизм жынын бөтелкеден қалай босатып жіберді?
Меккедегі "аманат: Шабуылға дайындық бірнеше апта бұрын басталды. Қарулы содырлар қару-жарақ пен оқ-дәрілерді алдын ала жаназа рәсімі ретінде бүркемеленіп өткізілген табыттармен әкеліп, оларды мешіттің жер асты өткелдеріне жасырған.
 
1979 жылдың 20 қарашасында, ислам күнтізбесі бойынша Жаңа жыл күні таңғы намазға 50 000 қажы жиналды. Сол кезде күтпеген жерден діни фанаттар киімдерінің астынан қару шығарып, мешіттің темір қақпаларын жапты және қарсылық көрсеткен екі полицейді атып тастады. Полицейлердің қолында тек ағаш таяқтар болған.
 
Осылайша олар ислам әлеміндегі ең қасиетті орын – Меккедегі әл-Харам мешітін басып алды. Шабуылдаушылардың саны шамамен 500 адам болған.
Шабуылды ұйымдастырған — Сауд Арабиясының ұлттық гвардиясының бұрынғы сарбазы Жухайман әл-Утейби.
 
Бірақ қозғалыстың діни көшбасшысы – Мұхаммед әл-Кахтани. Көтерілісшілер оны ескі пайғамбарлықта айтылған Махди деп сенген — Қияметтің алдында исламды жаңғыртып келетін киелі тұлға.
 
Олардың түсінігінде қоғам бұзылып кеткен. Батыс құндылықтарының енуі, әйелдердің тележүргізуші болуы сияқты көріністер оларға "арсыздықтың" белгісі болып көрінген.
 
Сауд Арабиясы бірден телефон және телеграф байланысын әлеммен толық үзді — себебі бұл жағдай патша билігінің беделіне үлкен соққы болатын. Алайда келесі күні-ақ бүкіл әлем оқиғадан хабардар болды. Алғашқы күдік Ирандық шииттерге түсті.
 
Аятолла Хомейни бұл шабуылды АҚШ пен Израиль ұйымдастырды деп жалған мәлімдеме жасады. Бұл ақпараттан кейін Исламабадтағы АҚШ елшілігіне шабуыл жасалып, өртелді, бірнеше адам қаза тапты. Калькуттада АҚШ консулдығы таспен атқыланып, дипломатиялық көліктер өртелді. Ливияда АҚШ елшілігі жанып кетті. КСРО агенттері де бұл жалған ақпаратты таратуға белсене атсалысты.
 
Осы уақытта террористер кепілге алған адамдардың бір бөлігін босатып, шамамен 6000 адамды ұстап қалды және шабуылға дайындалды. Олар мешіттің жоғарғы қабаттары мен минареттеріне снайперлерді орналастырған.
 
Сауд Арабиясының билігі күйзеліске ұшырап, не істерін білмей қалды. Олар екі үлкен қиындықпен бетпе-бет келді:
 
1. Исламда Қасиетті мешіттің аумағында күш қолдануға қатаң тыйым салынған. Тіпті жерден арам шөп жұлуға болмайды. Король Халид 32 жоғары дінбасынан тұратын кеңесті жинап, қарулы шабуылға рұқсат сұрады.
2. Сауд армиясы мен полициясы мұндай операцияға мүлде дайын емес еді. Алғашқы шабуыл әрекеттері ауыр шығынға ұшырады. Көтерілісшілердің көбі бұрынғы әскери адамдар болған, мешіттің барлық өткелдері мен туннельдерін жақсы білген.
 
Қарсыластықтың үшінші күнінде билік бронетехника мен ауыр қаруларды жұмылдырды. Үлкен шығынға ұшыраса да, үкімет әскерлері бүлікшілерді мешіттің ішкі ауласындағы жерасты лабиринттеріне ығыстыра алды.
Бір аптадан астам ауыр ұрыс жүрді.
 
 Билік жалғыз өзі бұл дағдарысты шеше алмайтынын түсінді. Саудия билігі Франциядан көмек сұрады. Француз арнайы жасағы GIGN офицерлері Саудияға келді.
 
Бірақ Меккеге мұсылман емес адам кіруге болмайды деген тыйым бар еді. Аңыз бойынша, француз офицерлері рәсімдік түрде ислам қабылдап, операцияға басшылық етуге рұқсат алған.
 
Француздар өзімен бірге сауд сарбаздарында болмаған бронежилеттер мен 300 кг арнайы көзден жас ағызатын газ әкелді. Бұл газ тыныс алуды қиындатып, агрессияны басатын болған.
 
Бүлікшілер бұл уақытта мешіттің дауыс зорайтқышы арқылы өз талаптарын жариялады:
– теледидарды жабу,
– АҚШ-қа мұнай экспортын тоқтату,
– Араб түбегінен барлық шетелдіктерді қуу.
Олардың түсінігінде — бұл «қасиетті құндылықтар».
 
1979 жылдың 4 желтоқсанында, екі аптаға жуық қоршаудан кейін, соңғы қарсылас ошақтары жойылды. "Махди" әл-Кахтани өлтіріліп, ал Утейби тірідей қолға түсті.
 
Ресми дерек бойынша:
– 255 адам (қажылар, әскери және содырлар) қаза тапты,
– 560 адам жараланды.
68 террорист тірі ұсталып, олар Сауд Арабиясының ірі қалаларында көпшілік алдында басы шабылып өлтірілді. Бұл басқа бүлікшілерге сабақ болсын деп, барынша жария түрде жасалды.
 
Бірақ бұл оқиғаның салдары одан да ауыр болды. Корольдік отбасы қатты қорқып кетті. Олар ең қауіпті жау – ішкі діни радикализм екенін түсінді. Сол кезде Сауд Арабиясы тарихи қателік жасады – олар радикалдардан бұрын исламның "туын" өздері көтермек болды.
 
Осылайша:
– Дінбасылармен ымыраға келу басталды.
– Шариғат заңдары күшейтілді.
– Діни полицияның өкілеті арттырылды.
– Әйелдердің құқықтары шектелді.
– Кинотеатрлар жабылды, көпшілік алдында музыка ойнауға тыйым салынды.
– Газеттерде әйелдердің суретін басуға рұқсат берілмеді.
– Мектеп бағдарламасынан исламға қатысы жоқ пәндер алынып, діни білім беру сағаттары бірнеше есе арттырылды.
Діни фанатиктердің энергиясы ел ішіне емес, сыртқа бағытталуы үшін, Сауд Арабиясы мұнай ақшасын өзінің ваххабистік идеологиясын жаһанға таратуға жұмсады.
 
Олар мешіттер мен медреселер салып, уағызшыларды қаржыландырды — Пәкістаннан бастап, Ауғанстан, Босния, Индонезияға дейін.
 
Осы топырақта, сауд демеушілерінің ақшасы мен Кеңес Одағына қарсы Ауған соғысының аясында, Усама бен Ладен мен оның ұйымы өсіп шықты. Оның көптеген идеялары Жухайман әл-Утейбиден тікелей алынған:
– «жемқор» монархияларды құлату,
– «кәпірлерді» Араб түбегінен қуу.
 
Мекке мешітін басып алу — жаһандық жихад қозғалысының бастауы болды.
Билігін сақтап қалғысы келген Сауд монархиясы радикалды исламизм жынын бөтелкеден босатып жіберді.
 
Барлық жаңалықтар