Шанхай қаласы Азия мен Еуропаның басты технологиялық орталығына айналды. Әлемдегі ең ірі жиындардың бірі Mobile World Congress Shanghai 2026 аясында қазақстандық компания зор жетістікке қол жеткізді. "Қазақтелеком" құрлықтар арасындағы цифрлық көпір мәртебесін тағы да дәлелдеп, екі бірдей беделді халықаралық марапатты қанжығалады. Биылғы ауқымды конгресс жасанды интеллект, мобильді байланыс, бұлтты жүйелер мен заттар интернеті саласындағы жаңалықтарды паш ететін басты әлемдік алаң болды.
Жаһандық корпорациялар отандық оператордың трансконтиненталдық инфрақұрылымды дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады. Жеңімпаздарды марапаттау Global Partner Awards 2026 бәсекесі аясында ұйымдастырылды. China Unicom Global компаниясы "Қазақтелекомды" жаһандық байланыс саласының жыл үздігі деп таныды. Ал China Telecom операторға ең үздік инновациялық серіктес атағын табыстады. Сала мамандарының пікірінше, Қытай нарығы көшбасшыларының бұл шешімі еліміздің әлемдік деректер транзитіндегі стратегиялық рөлінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Корпоративтік бизнес дивизионының халықаралық келісімдер департаментін басқаратын Айнұр Байбатырова бұл жетістік серіктестердің шексіз сенімін білдіретінін атап өтті. Бұл қадам Қазақстанның Азия мен Еуропаны байланыстыратын маңызды цифрлық көпір екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Компания алдағы уақытта да телекоммуникациялық инфрақұрылымды жетілдіріп, әлемнің жетекші операторларымен байланысты кеңейту және Еуразия кеңістігінің тұтастығын арттыру жобаларын жүзеге асырмақ.
Ресми рәсімнен бөлек, қазақстандық делегация әлемдік нарықтың ірі ойыншыларымен жабық форматта бірқатар кездесу өткізді. Олардың қатарында China Mobile International, China Telecom Global, China Unicom Global, Швецияның Arelion Sweden компаниясы, сондай-ақ Билайн мен Ростелеком бар. Тараптар Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік жолдарды кеңейту, деректерді өңдеу орталықтарының желісін дамыту және интернет трафигін алмасуды оңтайландыру мәселелерін жан-жақты талқылады.
Жиында жасанды интеллект технологияларын телекоммуникация саласына енгізу басты назарда болды. Компаниялар жұмысты автоматтандыру, желіні басқару тиімділігін көтеру және жаңа цифрлық сервистерді іске қосу мақсатында жасанды интеллектіні біріктіру бойынша ортақ қадамдарды белгіледі.
Айта кетейік, Mobile World Congress Shanghai 2026 бұл Азия мен Тынық мұхиты өңіріндегі байланыс индустриясының негізгі пікірталас алаңы. Биылғы көрме заманауи коммуникация, бұлтты есептеулер, заттар интернеті және жасанды интеллект инфрақұрылымы саласындағы озық шешімдерді көрсету үшін нарықтағы көшбасшылардың басын қосты.