Си Цзиньпиннің Қазақстанға бұл сапары ерекше болмақ

Си Цзиньпиннің Қазақстанға бұл сапары ерекше болмақ

Си Цзиньпин келе жатыр. Астананың басты көшелерінде Қазақ пен Қытай мемлекеттерінің байрақтары ілініп тұр. Елорданың ауа райы да бір нөсерлеп, бір жарқырап алды.

Қазақстанның айналасындағы саяси аласапыран үрдістер кезінде, Қытай басшысы Си Цзиньпин мырзаның сапары да ерекше болайын деп тұрғандай. Қытай - біздің басты одақтасымыз. Шекара мәселесінен бастап, мұнай тасымалдау мәселесіне дейін бүкіл сұрақтар мен дау-дамайлар шешіліп тастаған. Қытайдыкі қытайда, Қазақтыкі қазақта. Екі ел арасында виза да жоқ. Достықтың шыңы демей немене? “Ойбай шекараны ашсаң қытай қаптайды” деген пенделер визасыз Үрімші мен Шанхайға, Бейжің мен Гуанчжоуға ұша бастағанына бір жылдың жуығы болды. Ұлы сөзде ұят жоқ, Қазақ-Қытай шекарасының рахаты мен олжасын, бірінші кезекте Қазақ қоғамы көріп отырғаны белгілі. Одан кейін қарапайым сұрақ: “Қазақ-Қытай шекарасы жабылса кім қиналады?” Осы сұрақ көп шулағанға бір жауап болатындай. Қытайдың 13 көршісі бар, Қазақтың 5 көршісі бар. Көршілердің сапасы да белгілі дегендей. Қытай Қазақстаннан басқа бірде-бір көршімен визасыз режимды орнатпады. Неге? Себебі қазаққа сенеді. Себебі қытайлар тарихты жақсы біледі. Себебі қазақ пен бүгінгі қытай арасы 5000 жылдық тарихта сәлемі түзу болды. Ол аз десеңіз, адами фактор да бар. Біздің басшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қытай тілін білуі, бүкіл Қазақ-Қытай дипломатиясының (кем дегенде) 30% жұмысын жасап отыр. Тоқаевтың екі жыл бұрын 70 жылдығын Бейжінде қарсы алғанын біз ұмытуымыз мүмкін, бірақ Қытай ұмытпайды. Ешқашан. Сондай масаның тұмсығындай жіңішке жақсылықтар тамшылап, достық дипломатияның дәриясын құрайды. Өз басым ертеңгі сапардан көп нәтиже күтемін. Қасым-Жомарт Кемелұлы да сақадай сай, өз есебін жібермей, Қазақстанның қауіпсіздігін тағы бір рет шегелеп алатынына кәміл сенемін. Ал қауіпсіздік деген сіздің балаңыздың аман-есен мектепке барып келуі, сіздің беймарал саябақта серуендеуіңіз, аспанымызда тек фейерверктер ғана атқылауы … Қазақстанымыз аман болсын. Самат НҰРТАЗА, Мәжіліс депутаты. Фото интернеттен.  
Барлық жаңалықтар