Түркістан облысында жұмыстан заңсыз босатты деген ұстаз өзіне қол салмаққа әрекеттенген деп жазады Democrat. kz.
Түркістан облысы, Ордабасы ауданында өзін жұмысынан заңсыз босатты деген педагог аудандық сот ғимаратында өзіне қол жұмсауға әрекеттенді.
Әлеуметтік желіде тараған видеода педагогтың сұмдық әрекеті видеоға түсіп қалған.
Әзірге белгілі ақпараттарға сенсек, 24 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз Х. Еримбетов биылғы қаңтар айында мектеп әкімшілігінің шешімімен жұмыстан шығарылған. Ол бұл шешіммен келіспей, еңбек құқығының бұзылғанын айтып, Түркістан облыстық еңбек инспекциясына шағым түсірген.
Еңбек инспекциясы тексеру жүргізіп, жұмыс беруші тараптың әрекетін заңсыз деп танып, педагогты бұрынғы қызметіне қайта орналастыру жөнінде екі рет шешім шығарған.
Шешім орындалмаған соң, ұстаз сотқа жүгінген. Алайда сот процесі ұзаққа созылып, шыдамы таусылған педагог 28 мамыр күні өткен сот отырысында ол істі қарап жатқан судьяға қарсылық білдіріп, сот залынан шығып кеткен.
Ал 3 маусымда сот оны «сотқа бағынбау» бабы бойынша жауапқа тартып, бес тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған.
Үкім жарияланғаннан кейін педагог өзіне қол жұмсауға әрекеттенген.
Оқиғаға байланысты ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.