Әлеуметтік желіде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мұғалім жүктемесін азайту, тестілеу мен артық бақылаудан арылтуға қатысты мәлімдемелері қайта сынға түсті. Педагогтер «қағазбастылық пен тексеру азайған жоқ» деп шағымдануда, деп жазады Democrat.kz.
Facebook қолданушысы Гүлшат Жолдыбайқызы министрдің сөзі мен мектептегі нақты жағдай арасында алшақтық барын айтып, мұғалімдердің әлі де түрлі есеп, тексеру және «зерделеуден» көз ашпай отырғанын жазды.
Жазба астындағы пікірлерде педагогтер де осы мәселеге қосылған.
«Жыл сайын қағаз саны көбейіп жатыр. “Шұғыл” деп жанымызды қоярға жер таптырмайды. Бала жайына қалады», – деп жазған мұғалімдердің бірі.
Тағы бір пікірде:
«Сіз келгелі керісінше тексеру, зерделеу көбейіп кетті, мұғалімдер шаршады», – делінген.
Алайда тест мәселесінде бір маңызды нақтылау бар. Сүлейменова биыл сәуірде пәндік білімді бағалау тесті жұмыс істеп жүрген педагогтер үшін алынып тасталғанын, бірақ педагог мамандығына алғаш кіретін университет түлектері үшін сақталатынын түсіндірген.
Сондықтан әлеуметтік желідегі «тест мүлде жойылған жоқ» деген сынның бір бөлігі осы айырмашылықты ескермей айтылуы мүмкін.
Дегенмен мұғалімдердің негізгі наразылығы тестпен ғана шектелмейді. Пікірлерде қағазбастылық, жиі тексеру, есеп пен әкімшілік тапсырмалардың сабақ беруге кедергі келтіретіні қайта-қайта айтылады.
Желі қолданушыларының сұрағы қарапайым: егер мұғалімді артық жұмыстан босату басты мақсат болса, неге педагогтердің өзі жүктеменің азайғанын сезбей отыр?

