Талибандар тағы сорақы заң қабылдап, әлемді шулатуда

Талибандар тағы сорақы заң қабылдап, әлемді шулатуда

«Талибан» қозғалысы отбасылық құқық туралы жаңа жарлық аясында балалар некесін ресми түрде заңдастырды. Бұл құжат кәмелетке толмағандардың некеге тұру тәртібін белгілейді. Енді қыз балалар тауар секілді сатылатын жағдайға жетті деп жазады Democrat.kz. 

Жоғарғы жетекші Хибатулла Ахунзада бекіткен «Ерлі-зайыптыларды ажырату қағидалары» атты 31 баптан тұратын ереже мамыр айының ортасында жарияланды. Құжатта неке қию мен ажырасу тәртібі, соның ішінде балалар некесі де қарастырылған.

7-бапта «балиғат жасына жеткен бойжеткен» нақты қарсылық білдірмесе, тұрмысқа шығуға келісім берді деп есептелетіні жазылған. Яғни қорқыныштан, шарасыздықтан немесе отбасы мен жүйенің қысымынан үнсіз қалған қыздың үнсіздігі келісім ретінде қабылданады.

Талибанның жаңа ережесіне сәйкес, кәмелетке толмаған қыз ересек ер адамға заңды түрде тұрмысқа шыққаннан кейін, «жыныстық жетілу жасына жеткен соң» некені бұзуды сұрай алады. Алайда бұл тек талиб сотының рұқсатымен ғана жүзеге асады. Сондықтан мұндай некеден шығу іс жүзінде мүмкін емес.

Құжатта әкелер мен аталардың кәмелетке толмаған қыздары мен немерелерін тұрмысқа беруіне де рұқсат етіледі. Ауғанстандағы кедейшілік пен гуманитарлық дағдарыс жағдайында кейбір отбасылар қарызын жабу үшін небәрі 20 күндік нәресте қыздарын да «неке келісімімен» ақшаға айырбастап жатқаны айтылуда.

Британдық GB News басылымының хабарлауынша, Талибан заңнамасында әйелдерге қатысты жыныстық немесе психологиялық зорлық-зомбылыққа нақты тыйым салынбаған. Сондай-ақ ер адамдарға әйелдерін көзге көрінетін ауыр жарақат қалдырмай ұруға рұқсат етілетіні де көрсетілген.

Girls Not Brides қайырымдылық ұйымының мәліметінше, Ауғанстандағы қыздардың шамамен үштен бірі 18 жасқа толмай тұрмысқа шығады.

2021 жылдың тамызында билікке келгеннен бері «Талибан» режимі әйелдердің құқықтары мен еркіндігін кезең-кезеңімен шектеп келеді.

Дайындаған: Фарида Алиева.

Барлық жаңалықтар