Динара Сәтжан Астанадағы жаңа үйінде қоныс той өткізген Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімованың отбасында болып қайтты деп жазады Democrat.kz.
Шараға отандық шоу-бизнес өкілдері де шақырылған. Қонақтардың қатарында Гүлмира Дайрабаева, Nazima, Айгүл Мүкей және басқа да танымал тұлғалар болған.
Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі жазбасында жұлдызды отбасының соңғы бір жылда өмірі айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Оның айтуынша, өткен жылдың қаңтарында ол Жұлдыз Әбдікәрімовамен сұхбат жүргізген.
Сол кезде актриса Астанадағы бір кәсіпкердің уәдесіне сеніп, төрт жыл күткен үйінен айырылып қалғанын айтқан. Жұлдыздың айтуынша, отбасы бірнеше жыл бойы құрылыс аяқталады деп күтіп, сол уақыт ішінде жалдамалы пәтерлерде тұрған.
Алайда уәде етілген баспана да, төленген қаражат та қайтарылмаған. Бұл жағдай сотқа дейін жеткен. Арада бір жыл өткен соң жағдай түбегейлі өзгерген.
Динара Сәтжанның айтуынша, Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Әбдікәрімова жаңа пәтер сатып алған, отбасында тағы бір қыз дүниеге келген, ал жақында олар жаңа баспанасының қоныс тойын өткізген. Тележүргізуші жұлдызды отбасыға қуанышты екенін айтып, қиын кезеңдерде де берілмеудің маңызын атап өтті.