Телефоннан кейін екі әкім кетті: Ендігі кезек Нұрдәулет Қилыбайға келуі мүмкін бе?

Телефоннан кейін екі әкім кетті: Ендігі кезек Нұрдәулет Қилыбайға келуі мүмкін бе?

Маусымның 18-і күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төрт облыстың әкімін телефон арқылы тыңдады. Олар — Атырау, Жамбыл, Маңғыстау және Ұлытау облыстарының басшылары еді. Ақорда таратқан ресми ақпаратта әкімдердің өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылым, инвестиция және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы жөнінде есеп бергені айтылды деп жазады Democrat. kz. сайты Povestka телеграм арнасына сілтеме жасап. 

Сырттай қарағанда, бұл — қалыпты жұмыс тәртібі. Президент әкімді тыңдайды, әкім жетістігін айтып, жоспарын баяндайды.

Бірақ арада тура бір айға жуық уақыт өткенде сол төрт әкімнің екеуі бір күнде қызметінен кетті.

17 шілдеде Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков лауазымынан босатылды.

Бұл жай ғана сәйкестік пе?

Әлде маусымдағы телефон әңгімесі төрт әкімнің есебін тыңдау ғана емес, олардың жұмысына берілген соңғы сынақ болды ма?

Ақорда бұл екі оқиғаның арасында тікелей байланыс барын айтқан жоқ. Сондықтан «Президент телефонмен тыңдаған әкімдерді бір айдан соң қызметінен алып тастады» деп кесіп айтуға болмайды.

Алайда саясатта кейде ресми хабарламадан гөрі оқиғалардың реті көбірек нәрсе аңғартады.

Төрт әкім есеп берді. Бір айдан кейін екеуі кетті. Қалған екеуі — Жамбыл облысының әкімі мен Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай.

Сонда ендігі кезек кімге келуі мүмкін?

Маңғыстаудың әкімі неге алаңдауы керек?

Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау облысын 2024 жылғы мамырдан бері басқарып келеді.

Екі жылдан астам уақыт — әкімге «жаңа келдім, жағдаймен танысып жатырмын» дейтіндей қысқа мерзім емес. Осы уақыт ішінде өңірдегі ең күрделі мәселелердің кем дегенде шешілу бағыты көрінуі керек еді.

Ал Маңғыстау тұрғындарының әлеуметтік желідегі әңгімесін тыңдасаңыз, өңірдегі негізгі тақырыптар өзгермеген:

ауызсу тапшылығы, тозған жол, коммуналдық қиындық, экология, жұмыссыздық және халықпен әлсіз байланыс.

Әкімдік мұның бәріне есеп береді. Жоба айтады. Құбыр тартылғанын, жол жөнделіп жатқанын, жаңа нысан салынатынын хабарлайды.

Бірақ маңғыстаулық тұрғын үшін ең маңызды есеп — краннан су аға ма, жолмен көлік жүре ме, ауа жұтуға бола ма, жұмыс табыла ма деген қарапайым сұрақтардың жауабы.

Қағаздағы көрсеткіш өскенімен, халықтың күнделікті тұрмысы өзгермесе, мұндай есеп кімге керек?

Өңірде жағымсыз иіске байланысты тұрғындардан шағым түсіп, эколог мамандардың ауа құрамынан сынама алуына тура келген жағдайлардың өзі экологиялық мәселелердің әлі күн тәртібінен түспегенін көрсетеді.

Маңғыстау мұнайлы аймақ болғанымен, оның халқы мұнайдан түскен байлықтың рахатын емес, өндірістің салмағын көбірек сезініп жүрген жоқ па?

Президент төрт әкімді неге дәл сол күні тыңдады?

Ақорданың ресми хабарламасы бұл сұраққа толық жауап бермейді.

Бәлкім, төрт облыстағы мәселелердің сипаты ұқсас болған шығар. Бәлкім, Президентке осы өңірлер бойынша ерекше шағымдар немесе нашар көрсеткіштер түскен болар. Бәлкім, бұл кәдімгі жұмыс кестесі ғана шығар.

Бірақ бір айдан соң сол төрт әкімнің екеуінің бір күнде кетуі маусымдағы телефон әңгімесіне енді басқа мағына беріп отыр.

Серік Шәпкенов пен Дастан Рыспековтың кетуі Нұрдәулет Қилыбайдың міндетті түрде қызметінен босатылады деген сөз емес.

Дегенмен оның орны әзірге мызғымай тұр деп айту да қиын.

Өйткені әкімнің тағдырын әлеуметтік желідегі мақтау мен әкімдік баспасөз қызметінің әдемі видеосы шешпейді. Президент Әкімшілігіне жететін нақты есеп, өңірдегі әлеуметтік ахуал және тұрғындардың көңіл күйі шешеді.

Қилыбайдың орнына кім келуі мүмкін?

Саяси ортада Маңғыстау облысы әкімінің қызметіне «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен облыс әкімінің орынбасары Мәлік Әбдіқадыровтың есімдері аталып жүр.

Асхат Хасенов қазір «ҚазМұнайГаз» басқармасының төрағасы қызметін атқарады. Оның еңбек жолы мұнай-газ саласымен тығыз байланысты.

Маңғыстау мұнайлы өңір болғандықтан, ұлттық компания басшысының аты аталуы қисынды көрінеді. Оның үстіне Президент 2026 жылғы ақпанда Асхат Хасеновті жеке қабылдап, компанияның қызметі мен алдағы міндеттерін тыңдаған.

Ал Мәлік Әбдіқадыров 2026 жылғы ақпанда Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол өңірдің ішкі жүйесін, кадрларын және жергілікті ахуалды жақсы біледі деп есептелуі мүмкін.

Алайда бұл екі адамның кандидатурасы жөнінде Ақорда да, Үкімет те ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Сондықтан олардың есімін нақты үміткер ретінде емес, саяси ортада айтылып жүрген болжам ретінде ғана қарастырған дұрыс.

Қазақстандағы кадрлық ауыс-түйістің бір ерекшелігі — жұрт бірнеше ай бойы бір-екі адамның атын талқылап жүргенде, Ақорда мүлде басқа адамды тағайындап жіберуі мүмкін.

Қилыбайды қызметінен алу Маңғыстаудың мәселесін шеше ме?

Мәселенің ең маңызды тұсы осы.

Әкімді ауыстыру оңай. Жарлық шығады. Бұрынғы әкім кетеді. Жаңа әкім келеді. Алғашқы айларда аудандарды аралап, тұрғындармен кездеседі. Су мәселесін шешуге, жолды жөндеуге, инвестиция тартуға уәде береді.

Бірнеше жылдан соң халық тағы да су, жол, экология туралы айтып отырады.

Сонда мәселе тек әкімде ме?

Әлде әкімдер ауысқанымен, өңірді басқарудың тәсілі өзгермей ме?

Маңғыстау — Қазақстанға мұнай беріп отырған аймақ. Бірақ дәл осы өңірде ауызсу мәселесінің жыл сайын қайталануы — бір әкімнің ғана кемшілігі емес, ондаған жыл бойы жиналған мемлекеттік салғырттықтың белгісі.

Дегенмен бұл Нұрдәулет Қилыбайдың жауапкершілігін жоймайды.

Керісінше, әкімнің міндеті — «бұл мәселе менен бұрын басталған» деп ақталу емес, бұрынғылар шеше алмаған мәселені шешу.

Президент маусымда төрт әкімді тыңдады.

Шілдеде соның екеуі кетті.

Енді елдің назары қалған екеуінде.

Нұрдәулет Қилыбай қызметінде қала ма, әлде Маңғыстауда жаңа әкім пайда бола ма — оны Ақорда шешеді.

Ал халық үшін әкімнің аты-жөнінен де маңызды бір сұрақ бар:

жаңа әкім келсе, Маңғыстаудағы ескі мәселе тағы да сол күйінде қалмай ма?

Барлық жаңалықтар