Алматы обл. Ұйғыр ауданында, Шонжы ауылындағы демалыс орындарының бірінде 29 жастағы қызметкерді аяусыз өлтіру дерегі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр деп жазады Democrat.kz
Қылмысқа оның әріптестері күдікті деп танылды. Бұл қайғылы оқиға қаза тапқан азаматтың қарындасы Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялағаннан кейін белгілі болды. Оның айтуынша, бауыры 23 мамырда жұмысқа кетіп, қайта оралмаған. Жақындары оны бірнеше күн бойы өз бетінше іздеген, ал 27 мамырда ер адамның анасы полицияға ресми түрде арызданған. Сол күні жедел іздестіру шаралары барысында жоғалған азаматтың мәйіті Шонжыдағы жұмыс орнынан алыс емес жерде көмілген күйінде табылды.
Марқұмның қарындасының айтуынша, бауырын түні бойы азаптаған: үш әріптесі оны таспен ұрып-соғып, содан кейін тірідей көміп тастаған. Туыстары кінәлілердің барлығы әділетті жазасын алуы үшін толық әрі объективті тергеу жүргізілуін талап етуде.
Алматы облыстық Полиция департаменті күдіктілердің ұсталғанын растады. Тергеудің алдын ала нұсқасы бойынша, демалыс орнының қызметкерлері бірге ішімдік ішіп отырғанда өзара жанжал туындап, салдарынан жәбірленушіні аяусыз соққыға жыққан. Қылмыс ізін жасыру үшін шабуылдаушылар оның денесін жақын маңға көміп тастаған.
Полицейлер із суытпай екі ер адамды ұстады, олар қазіргі уақытта қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық істер «Адам өлтіру» және «Қылмысты жасырып қалу» баптары бойынша қозғалды. Сол компанияда болған үшінші ер адамға қатысты процессуалдық шешім алдағы тергеу нәтижелері бойынша қабылданады. Оқиғаның барлық мән-жайын тексеру жұмыстары жалғасуда.