Трамп неге басқа ұшақта жасырын ұшып кеткенінің себебін айтты

Трамп неге басқа ұшақта жасырын ұшып кеткенінің себебін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркиядан ұшар кезде президенттік Air Force One ұшағынан жасырын түрде басқа әскери ұшаққа ауыстырылған. Бұл шешімге ықтимал қауіп себеп болған. Ал президенттік бортта қалған журналистер мен Ақ үй қызметкерлеріне Трамптың басқа ұшақпен кеткені айтылмаған, деп хабарлайды Democrat.kz Reuters дерегіне сүйеніп.

БАҚ мәліметінше, оқиға 8 шілдеде НАТО саммитінен кейін болған.

Трамп телекамералардың алдында президенттік ұшаққа мінген. Алайда бірнеше минуттан соң лайнердің екінші жағына әдетте азық-түлік жеткізу үшін қолданылатын арнайы көлік келген.

Көліктің платформасы ұшақ есігінің деңгейіне дейін көтеріліп, Трамп пен оның бірнеше көмекшісі сол арқылы сыртқа шығарылған. Кейін оларды АҚШ әскери-әуе күштерінің C-32A ұшағына отырғызған.

Президент сол ұшақпен Ұлыбританияға аттанған.

Журналистер Трамптың ұшақта жоқ екенін білмеген

Ең қызығы – Air Force One бортында журналистер мен Ақ үй қызметкерлерінің бір бөлігі қалып қойған.

Олар президенттің басқа ұшаққа ауыстырылғанынан бейхабар болған.

Бұдан бөлек, борттағы БАҚ өкілдерінен ұшақ терезелерінің пердесін жабу сұралған. Алайда мұның себебі түсіндірілмеген.

Америкалық БАҚ-тардың жазуынша, мұндай құпия операция Иран тарапынан жасалуы мүмкін қастандық қаупіне байланысты ұйымдастырылған.

«Маған не айтса, соны орындадым»

Кейін Дональд Трамп Вашингтон маңындағы Эндрюс бірлескен әскери базасында журналистерге бұл шешімді өзі қабылдамағанын айтты.

«Мұндай шешімдерді Құпия қызмет қабылдайды. Мен олардың және әскерилердің нұсқауларын ғана орындаймын. Олар менің басқа рейспен, басқа ұшақпен ұшқанымды қалады. Сондықтан маған не айтылса, соны істедім», – деді Трамп.

Президент ықтимал қауіптің нақты неден туындағанын егжей-тегжейлі сұрамағанын да жеткізді.

«Қандай да бір қауіп болған шығар деп ойлаймын. Мен оны көп сұрай берген жоқпын. Маған жиі қоқан-лоқы жасалады», – деді ол.

«Президентке қауіпті болса, журналистерге неге қауіпсіз болды?»

Оқиға жария болғаннан кейін АҚШ-та тағы бір сұрақ туындады.

Егер президент отырған Air Force One ұшағына қауіп төніп тұрса, онда неге сол ұшақтың ішінде қалған журналистер мен Ақ үй қызметкерлері басқа жерге көшірілмеген?

Осы мәселеге байланысты демократ-сенатор Ричард Блюменталь Конгресте арнайы брифинг өткізуді талап етті.

Ол президент үшін қауіпті деп танылған ұшақта қалған адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қабылданғанын анықтауды сұрады.

Трамп: «Керісінше, мен отырған ұшақ қауіпті болуы мүмкін еді»

Журналистер Трамптан:

«Егер Air Force One сіз үшін қауіпті болса, неге онда қалған адамдар үшін қауіпті саналмады?» – деп сұраған.

Президент бұған күтпеген жауап берді.

«Меніңше, мен отырған ұшаққа қауіп одан да жоғары болған. Оны нысанаға алу ықтималдығы көбірек еді деп ойлаймын», – деді Трамп.

Алайда президент жасырын таңдалған екінші ұшақтың неліктен шабуылға көбірек ұшырауы мүмкін екенін нақты түсіндірмеді.

Осылайша, президентті қорғау мақсатында ұйымдастырылған құпия операция АҚШ-та енді басқа мәселеге ұласты: егер қауіп шынымен болған болса, президентпен бірге ұшуы тиіс журналистер мен Ақ үй қызметкерлерінің қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілді?

Бұл сұраққа әзірге толық жауап берілген жоқ.

Барлық жаңалықтар