"Тренд директордың мектебіндегі былықтар": Журналист ең сауатты талдауды жасады (ВИДЕО)

"Тренд директордың мектебіндегі былықтар": Журналист ең сауатты талдауды жасады (ВИДЕО)

Танымал журналист Гүлбану Әбенова таяуда ғана "Алтын ханым" тәжін киген астаналық мектеп директоры, жұртқа "тренд директор" атымен танылған Ақмоншақ Нұртаза басқарып отырған білім ошағындағы былықтарды бүкпесіз жазып, видео жариялады деп жазады Democrat.kz.

Еске салып өтейік, журналист Гүлбану Әбенова "Алтын ханым" тәжін иеленген күні ең алғаш бұл мәселеге басқа қырынан баға беріп, қоғамға үлкен сауал тастап, жазба жариялаған еді.

Бір айға жуық уақыт бойы әлдебір байқау үшін қызметін тоқтатып, оқу жылының ортасында еңбек демалысын алып, "Алтын ханым" боламын деп Алматыға шапқылап кеткен мектеп директоры Ақмоншақ Нұртазаның әрекетін ашық сынаған журналист кейінірек осы директор басқарып отырған мектепке арнайы барғанын да айтқан болатын. 

Астана қаласының №58 мектебінде көзімен көрген жағдайды баяндаған Гүлбану Әбенова: " Менің сыни жазбама кейбіреулер "ол мықты менеджер", "мықты басшы", "система олсыз да жұмыс істеп жатыр" дегенге саятын пікірлер жазған еді. 

Сол жұмыс істеп жатқан системаны өз көзіммен көрдім. 

Мектептің ішінде көзіме бірінші түскені - бұл мектептің қисайған, қираған, бүлінген тұстарын реттеп тастайтын пысық қолдардың жетіспей тұрғаны болды. 

Бұған дейін талай мектепті аралап көрген адам ретінде айтайын, мен шаруашылықты да, басқасын да дөңгелетіп отырған көп директорды білемін. 

Ал №58 мектеп қай тұсына қарасаң да, "ремонт жасау керек", "қашан жасалатынын" күткен дүниелерге толы екен.

Ақпараттық табло, мұражайдағы голограмма жұмыс істемейді, қашан жасалатыны да белгісіз. Әлдебір байқауда үшінші орын алған робот сынып, бұзылған. 

Спорт залына ремонт керек. Спорт залының жағдайы соншалықты мүшкіл болғаны ма, маған тіпті оны көрсетпеді де. 

Өтемұратов атындағы қордың қолдауымен жасалған жылыжай бар екен. Дәл осындай жылыжайы бар мектеп туралы, биолог Ермек Анарқұлов туралы жазған едім. Ол жылыжайдың оқушыларға қандай пайдасы барын да айтып едім. Ал мына мектептің жылыжайы бос тұр. Ол жерге де ремонт керек.

 Мектеп басшысы оқу жылының ортасында еңбек демалысын алып, сахнада билеп, байқауға қатысып жүр. Ал мектептің ішіндегі жоғарыда сөз етілген мәселелермен кім айналысуы керек сонда?

Мектепке жап жақсы мүмкіндік берілген екен. Өкінішке қарай, пысық қолдардың болмауынан біртіндеп декорацияға айнала бастаған дүниелер көп. Мектепте ерекше балаларға арналған инклюзивті оқыту бар. Бірақ осыған арналған арнайы кабинеттер жоқ.Бұл дегеніңіз "креатив" емес, тікелей директордың өзі реттеуге тиіс міндеті. 

Мектептегі 12 өрт сөндіргіш құралдарының мерзімі өтіп кеткен. Бұларды дәл мен келердің алдында ғана өрт сөндіру қызметінің тексерісінен кейін ауыстырыпты. 

Ал сол тексеріске дейін мектепте өрт шыққанда ше? Директор әлеуметтік желіде түрлі видео жариялап, байқаулар деп шапқылап жүргенде, мектепте өрт шыққанда не болар еді? Мектептегі екі мыңнан астам баланың қауіпсіздігі мен өмірі үшін кім жауап берер еді?Осындай мәселелердің бәріне кім жауапты? Әрине, мектеп директоры!

Алайда бұл мектептің басқару құрылымы сегіз орынбасарға жүктеліп, ал директор басқаруды емес, әлеуметтік желілердегі блогерлікті таңдаған сияқты.

Ал бәрінен де қалалық Білім басқармасының оқу жылының ортасында мектеп директорын еңбек демалысына жібере салғаны қалай? Не үшін? Астана қалалық Білім басқармасы басшысы Қасымхан Сангазыев бұл мәселеге көз жұмып қарап отырғанын қалай түсінеміз?"деген журналист осы мектептің оқушыларына қатысты да пікірін жасырмады. 

"Тренд директор" басқаратын мектептің кей оқушылары мектеп формасын кимейтін көрінеді. Бұл қалай деген сұраққа "есейіп бастағандар ғой, тыңдамайды. Айтып жатырмыз ғой" дегенге саятын сыдыртпа жауап алыпты журналист. 

"Менің балам да есею шағында. Иә, оны да "тыңдамайды" деп еркіне қоя берсек, ол тіпті мектепке спорт киіммен де бара берер еді.

Алайда тәртіп пен тәртіпке бағыну деген бар. Балам өз мектебіндегі қатаң тәртіпке бағынады. Ал №58 мектепте тәртіптің шекара сызығын табу қиын. 

Мектеп басшысын оқушылары бастықтан гөрі, медиа тұлға, блогер секілді көретін сияқты.Тіпті, оқушылармен бірінші болып, директордың өзі амандасқанын да көзіміз көрді. Әрине, мұнда тұрған ештеңе жоқ та шығар. Десек те, мектеп директорының авторитеті бәрібір білінуі керек емес пе?!

Басқа мектептерде оқушылар директорды көрген сәтте бірінші болып амандасады. "Алтын ханым" тәжін киген соң, директорларының түрін ұмытып қалған ба, әйтеуір оқушылар емес, директор оқушыларымен өзі бірінші болып амандасып жүр. 

Мектеп - блог емес, мектеп -таланттардың жарыс байқауы емес. 

Мектеп директоры - қауіпсіздік, тәртіп, білім сапасы мен бүкіл системаға тікелей жауапты тұлға. Ал егер мектептегі директордың орны білінбесе, демек ол жерде проблема бар деген сөз", деп түйіндейді Гүлбану Әбенова. 

Редакциядан: Ескі министрдің тұсында, күтпеген жерден "жарқ ете қалып" пайда болған осы "тренд директор" туралы Democrat.kz. сайты қанша жазса, сонша рет "ғажап директор"деп байбалам салып, жақтаған пікір жазатын белгілі бір жаттанды топ барын байқағанбыз. 

Әрине, білдей директор үшін он шақты кісі он шақты түрлі аккаунттардан пікірді боратса, біраз шаруаны тындырып тастайтынын бесіктегі бала да біледі ғой. 

Десек те, бүгінге дейін журналист Гүлбану Әбенова секілді нысанаға дөп тигізіп, дәл бұлай "тренд директорға" сауатты талдау жасалмағанын мойындаймыз. Мың жерден "жаңашылдық, еркіндік", мың жерден "тренд" десек те, мектеп директоры "мектеп директоры" деген атқа лайық және өзіне артылған жүкті көтере алатын тұлға болуға тиіс. Сіз қалай ойлайсыз?

Журналист Гүлбану Әбенованың осы мәселелер туралы видеосын мына сілтемеге өтіп көре аласыздар. 

Барлық жаңалықтар