"Ұят сияқты": Бекжан Тұрыстың ерекше жазбасы жұртты сүйсінтті

"Ұят сияқты": Бекжан Тұрыстың ерекше жазбасы жұртты сүйсінтті

Танымал актер Бекжан Тұрыстың әлеуметтік желідегі парақшасында ерекше талант иесі, әнші Айсұлу туралы жазба жариялап, елдің ықыласына бөленді деп жазады Democrat.kz. 

"Кейде ең шынайы нағыз өнер көзге көрінбей ме деп ойлаймын, әйтеуір тасада қалатындай… Ол – өз арманын ішіне бүгіп, тағдырдың тынысын бұзбаған келіншек.

Кәсіби әнші болмаса да, өмірдің өзін әуенге айналдырған, тағдырына ән дарығанымен әнге байламаған кластасымның жары. Кезінде олардың тойын өзім басқарып, бетін өзім ашқан едім. Әлі күнге дейін арамыз ажырамаған, қуаныш пен қайғыда біргеміз. Ол гитараның сүйемелдеуімен отырыстарда ғана ән салатын, кейін неге екенін білмеймін айтпай кетті...

Бүгінде дауысы бары да, жоғы да - әнші. Ең ғажап, ең қастерлі мамандықтай, анау айтқандай таланты мен қабілеті болмаса да, бала-шағасын түрлі байқауларға қатыстырып, зорлап әнші еткісі келетін ата-ана көп.

Дауыстан жұрдай немересіне ең құрығанда тойда мәжбүрлеп ән айтқызатын ата-әже де көбейген. Әу демейтін қазақ жоқ, ән мен күй біздің ұлттың егіз ұғымындай, ауылдың алты ауызын тыңдап өскен ұл-қызға ән айта білмеу ұят сияқты.

Десе де, елдің бәріне жаппай әнші болу міндет емес. “Ұялмаған әнші болады” деген де қазақтан қалған сөз ғой. Ал ол… Кейде іштей қынжыласың: “Егер ол әнші болғанда ғой...”. Ал ол әншілікті таңдаса, осы сұлулық, осы мейірім, осы сабырлық сақталар ма еді?

Ол сахна адамына айналғанда әйгілі әнші атанар-атанбас, кім білсін!? Әншілікке ұмтылмады, өнер жолын таңдамады, қазақ әйеліне тән сабырмен, еріне деген құрметпен отбасының берекесі мен әйелдік міндетті өнерден биік қойды. Өйткені ол әйел бақытының өлшемін әннен емес, татулықтан іздеді. Оның таңдауы – әлсіздік емес, биік парасаттың белгісі. Ол өз арманын өшірмеген күйі ішіне “бүктеп” қойды, ал ән өзімен бірге өмір сүріп келеді.

Айта алады екем, дауысым бар деп әннің қадірін қашырған емес. Өзіміз бас қосқанда кейде қолқа саламыз…

Күйеуі 60-қа толғанда тағдырына алғысын, сыйлап келген қонағына ризашылығын әнмен жеткізді. Ол осылай әнді аялай біледі, өнерді бағалайды.

Әнді жанымен сүйеді, есті әнді қорғап-қастерлейді. Біздің Айсұлу – осындай жан. Міне, айтқан әні, әуезді үні! Сіздер де тыңдап көріңіздер", деп жазды Бекжан Тұрыс. 

Барлық жаңалықтар