"Үкілі баланың" қазіргі өмірі туралы қызық дерек шықты

"Үкілі баланың" қазіргі өмірі туралы қызық дерек шықты

Үкілі тақиясын киіп, қолына қамшы ұстаған қаршадай баланың алдына Қазақстанның түкпір-түкпірінен ғана емес, алыс-жақын шетелдерден де адамдар ағылды. Бірі дертіне дауа іздеді, енді бірі күмәнмен қарады. Елге емшілігімен танылған "Үкілі баланың" қазіргі өмірі де қызық екен деп жазады Democrat.kz.  сайты El.kz.- ке сілтеме жасап.

Ерболсын Серікбаев Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Аралқұм ауылында дүниеге келген. Өзінің айтуынша, ол тоғыз жасынан бастап бойындағы емшілік қасиетті байқай бастаған. Алайда өзін ешқашан көріпкел немесе балгер ретінде таныстырмаған.

Ерболсынның есімі елге кеңінен тараған кезде оның жасы небәрі 11-12-де болған. Жас баланың қабылдауына келетін адамдардың саны кей күндері бес-алты мыңға дейін жеткен көрінеді.

Қазақстаннан ғана емес, шетелден де келетін. Бір күнде олардың бәрін қабылдау мүмкін емес еді. Көп адам айлап кезек күтіп, кіре алмай кететін. Кейін бір сеансқа 150 адамға дейін кіретін болды, – дейді ол.

Жылдар өте келе Ерболсынның емшілікке деген көзқарасы өзгерген. Қазір ол халық емшілігімен айналысатын адамның міндетті түрде медициналық сауаты болуы қажет деп есептейді. Бүгінде ол халықаралық деңгейдегі емші. 

Әлеуметтік желідегі парақшасында Ерболсын жиі саяхаттап жүргенін көрсетеді. Вьетнам, Франция, Дубай, Самарқан және өзге де елдерге жасаған сапарлары туралы жиі ой бөліседі.

Ол өзінің бір жазбасында:

Соңғы уақытта өмірімдегі әрбір оқиға, әрбір сапар, сүйікті жұмысым мен айналамдағы адамдар мені бір ғана мақсатқа жетелеп келеді. Ол – өзімді тереңірек танып, Жаратушыға жақындай түсу, – деп жазған.

Тағы бір жазбасында адам өміріндегі қиындықтардан қашуға болмайтынын айтады.

Бір кездері үкілі тақия киген бала ретінде елге танылған Ерболсын бүгінде өзін үздіксіз ізденістегі адам ретінде көрсеткісі келеді.

Барлық жаңалықтар