«Умай» ипотекасы қайта іске қосылады: әйелдер 50 млн теңгеге дейін несие ала алады

«Умай» ипотекасы қайта іске қосылады: әйелдер 50 млн теңгеге дейін несие ала алады

Қазақстанда әйелдерге арналған «Умай» ипотекалық бағдарламасына өтінім қабылдау 31 тамызда басталады. Бағдарлама арқылы жаңа немесе қайталама нарықтан 50 млн теңгеге дейінгі тұрғын үй сатып алуға болады, деп жазады Democrat.kz.

Отбасы банк бағдарламаны үш жылдық үзілістен кейін қайта іске қосып отыр. Қаржыландыруды Азия даму банкі қамтамасыз етеді. Алғашқы транш көлемі 9 млрд теңге.

Бағдарламаға ресми жұмыс істейтін және соңғы алты айда зейнетақы жарналары төленген әйелдер қатыса алады. Отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы қажет.

Несие сомасы 50 млн теңгеге дейін, мерзімі 25 жылға дейін беріледі. Астана, Алматы секілді ірі қалаларда бастапқы жарна тұрғын үй бағасының кемінде 20 пайызын, басқа өңірлерде 15 пайызын құрайды.

Бастапқы мөлшерлеме жылдық 14,8 пайыз. Депозиттегі жинақ үй құнының 50 пайызына жеткеннен кейін тұрғын үй заемына ауысып, мөлшерлеме 5 пайызға дейін төмендеуі мүмкін.

Бір ерекшелігі — қатысушының бұрыннан баспанасы болуы бағдарламаға қатысуына кедергі емес. Қайталама нарықтағы үй 2016 жылдан ерте салынбауы керек. 

Барлық жаңалықтар