Қазақстанда 1 қазаннан бастап онлайн рәсімделетін кепілсіз тұтынушылық несиелерге қатысты қосымша қорғаныс талаптары күшіне енеді. Банк қарыз берер алдында клиентке сауалнама жүргізіп, алаяқтық белгісі байқалса, өтінімді тоқтата немесе мүлде қабылдамай қоя алады, деп жазады Democrat.kz.
Қазан айынан бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарының қашықтан несие беру тәртібіндегі бірқатар кейінге қалдырылған талаптар іске қосылады.
Ең маңызды өзгерістердің бірі — онлайн кепілсіз тұтынушылық несие рәсімдеген азаматқа міндетті сауалнама жүргізу.
Қаржы ұйымы клиенттің өтінімінде немесе әрекетінде алаяқтық болуы мүмкін деген белгі байқаса, қосымша тексеру жүргізуге тиіс.
Тексеру қорытындысына қарай несие рәсімдеу жалғасуы, күмәнді жағдай анықталғанша уақытша тоқтатылуы немесе өтінімге бас тартылуы мүмкін.
Бұл талаптар банктермен ғана шектелмейді. Қазаннан бастап микроқаржы ұйымдарының қашықтан несие беру процесіне қатысты да қосымша нормалар іске қосылады.
Реттеуші өзгерістердің негізгі мақсатын азаматтардың атына олардың еркінен тыс немесе алаяқтардың ықпалымен несие рәсімделу қаупін азайту деп түсіндіреді.