Алматыда су мен кәріз тарифі екі еседен астам қымбаттайды

Алматыда су мен кәріз тарифі екі еседен астам қымбаттайды

1 қазаннан бастап Алматы тұрғындары бір текше метр су үшін 178,06 теңге, ал су бұру қызметіне 119,46 теңге төлейді. Қазір су тарифі 76,56 теңге, кәріз қызметі 47,50 теңге болғандықтан, екі қызметтің жиынтық бағасы айтарлықтай өседі, деп жазады Democrat.kz.

Жаңа тарифтер 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

Халық үшін ҚҚС-ты есептегенде бір текше метр салқын су 178,06 теңге, ал су бұру 119,46 теңге болады. Екі қызметтің жалпы құны бір текше метрге 297,52 теңгеге жетеді.

Заңды тұлғалар үшін су — 362,18 теңге, су бұру — 264,75 теңге. Бюджеттік ұйымдарға сәйкесінше 649,6 және 189,14 теңгелік тариф белгіленген.

«Алматы Су» тарифтің өсуін бірнеше фактормен түсіндірді. Су жүйесі электр энергиясын көп тұтынады және оның үлесі тарифтің шамамен 20 пайызын құрайды. Сонымен бірге реагент, материал, қосалқы бөлшек пен жабдық қымбаттаған.

Соңғы екі жылда кәсіпорын балансына 32 кәріз сорғы станциясы, алты сорғы станциясы, тоғыз таза су резервуары, 18 ұңғыма және жүздеген шақырым жаңа желі берілген. Оларды күтіп ұстау да қосымша шығынды қажет етеді.

Жаңа тарифтің 30 пайыздан астамы инвестициялық бөлікке тиесілі және бұл қаражат ескірген инфрақұрылымды жаңартуға бағытталмақ. 

Барлық жаңалықтар