Алматыда TikTok-та тікелей эфир жүргізіп, қоғамдық тәртіпті бұзған 19 және 21 жастағы екі қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот олардың әрқайсысына бес тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады, деп жазады Democrat.kz.
Полиция мәліметінше, видео Алматыдағы автобазар аумағында түсірілген.
Екі қыз TikTok-та бірлескен тікелей эфир өткізіп, онда әдепсіз сөздер қолданған.
Құқық қорғау органдары видеоны анықтап, эфирге қатысушылардың жеке басын белгіледі. Кейін материалдар сотқа жіберілді.
Сот екі азаматты әкімшілік құқық бұзушылық жасаған деп танып, әрқайсысына бес тәулік қамау тағайындады.
Алматы полициясы әлеуметтік желі немесе тікелей эфир қоғамдық тәртіп талаптарын жоймайтынын ескертті. Интернетте жасалған әрекет те заңда қарастырылған жағдайда жауапкершілікке әкелуі мүмкін.